Қазпоштаның газет жеткізу тарифі Үкімет деңгейінде талқылануы мүмкін

Қазпоштаның газет жеткізу тарифі Үкімет деңгейінде талқылануы мүмкін

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазпоштамен» мерзімді басылымдарды жеткізу тарифі бойынша ортақ мәмлеге келмесе, Үкімет деңгейінде талқылауы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутатының сауалына жолданған жауапта айтылған,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

 2025 жылғы 10 қарашада өздеріңіздің бастамашылықтарыңызбен «Қазпошта» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Қазақ газеттері» ЖШС, мемлекеттік органдар, өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді. Өкінішке қарай, кеңесте тарифтерді төмендету туралы келісімге қол жеткізілген жоқ. Қазпошта оларды қайта қарау жоспарда жоқ екендігін мәлімдеді, — деп жазылған жауапта.

Министрлік мамандары газет-журналдармен арадағы келісімшартта Қазпоштаның басым құқықтары сақталғанын айтып отыр.

 МББ мүдделері жеткілікті деңгейде қорғалмаған, бұл нарықтағы монополиялық тәуекелдерді күшейтеді. Осы ретте келісімшарттарды қайта қарап, тараптардың тең құқықтары мен жауапкершіліктерін бекіту және келісімшартқа міндетті түрде өзгеріс енгізу мүмкіндігін және дауларды қараудың айқын тетігін енгізу қажет деп санаймыз, — деп жазады министрлік мамандары.

Министрлік «Қазпоштаны» тариф саясатын өзгертуді көздесе, 3 ай бұрын жария хабарландыруға міндеттеу мәселесін көтермекші.

 Өңірлерде баспасөздің уақтылы жеткізілмеуі жүйелі сипат алған. Келісімшарттар мен заңнамада Қазпоштаның кеш жеткізуіне қатысты арнайы санкциялар немесе нақты жауапкершілік тетігі жоқ. Осы ретте жеткізу мерзімі бұзылған жағдайда айыппұл санкцияларын қарастыратын талаптарды енгізу, қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті енгізу арқылы күшейту қажет деп санаймыз, — делінген жауапта.

Министрлік газет жеткізу тарифіне байланысты қосымша жиын өткізбекші.

 Мерзімді баспасөз басылымдарына жүктелген ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды рөлді ескере отырып, туындаған мәселелерді жан-жақты талқылау үшін мүдделі тараптардың қатысуымен қосымша жиналыс ұйымдастыру жоспарлануда. Алдағы жиналыс барысында ортақ шешімге келе алмасақ, мәселенің өзектілігін ескере отырып, оны Үкімет деңгейінде қарастыру мүмкіндігін назарға алынады, — деп жазады вице-министр Қанат Ысқақов.

Айта кету керек, пошта саласындағы қызметтерге төленетін субсидия мөлшерін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айқындайды. Ал былтыр осы ведомство өкілі газет-журнал жеткізу қызметін Мәдениет және ақпарат министрлігіне беруге қарсы емес екендерін мәлімдеген болатын. 


#мәжіліс, #Парламент, #Үкімет, #Қазпошта