Конституция – болашағымыздың кепілі

Конституция – болашағымыздың кепілі

1995 жылдың 30 тамызы – Қазақстан Республикасының тағдырына ерекше әсер еткен тарихи күн. Дәл осы күні бүкілхалықтық референдум арқылы Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Бұл құжат егемен еліміздің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болды. Қазақстан халқы осы таңдауы арқылы елдің болашағына сенім білдіріп, жарқын келешекке нық қадам жасады.

Бұл тарихи күн біздің отбасымыз үшін де ерекше маңызға ие. Сол жылы, яғни Конституция қабылданғаннан кейінгі 4 қыркүйекте кенже бауырымыз дүниеге келді. Есімін таңдау – атамыз Жүрсінбек үшін аса жауапты әрі ерекше бір сәт болды. Апамыз Күлпан марқұм дастархан басында атамыздан қайта-қайта қандай есім қоймақ ойы барын сұрайтын. Бірақ атам сабырмен: «Әлі шешімге келгем жоқ» – деп жауап беретін.

Сол күндердің бірінде анамыз айы-күні жетіп, Семей қаласындағы перзентханаға аттанды. Алла тағала шекесі торсықтай ұл сыйлап, барша отбасымыз қуанышқа бөленді. Ол уақытта бүгінгідей ұялы телефон, интернет жоқ. Анам перзентхананың терезесінен апамыздан қандай есім қойылғанын сұрайды. Бірақ апамыз атам айтқан есімді ұмытып қалып, тек: «Биік, заңғар бір атау еді, тіл ұшымда тұр» – деп жауап береді. Қасындағы келіні Ажар апа таулардың атауларын атай бастайды: «Алтай», «Алатау», «Тянь-Шань»... Бірақ ешбірі сәйкес келмейді.

Осылайша үйге оралған апамыз түні бойы мазасыз күй кешіп, есімді есіне түсіре алмай алаңдап жатады. Түннің бір уағында кенет есіне түсіп кетіп, бірден қағазға жазып алады. Таңертең аты-жөнін ұмытып қалмастан, перзентхана терезесіне асығып барып, анама: «Заңғар!» – деп дауыстайды. Атамның айтуынша, егер ұл туса – Ата Заңмен құрдас болсын деп Заңғар, ал қыз туса – «Заңғарым» деп Аяулымға ұқсатып қоюды жоспарлапты.

Ол кезде «Заңғар» есімі сирек болатын. Айналамыздағы адамдардың көбі таңданыстарын білдіретін. Бүгінде Заңғар 30 жасқа толып отыр. Астана қаласында әскери дәрігер қызметінде. Әйгерім есімді аяулы келінімізбен бірге ел қорғайтын ұрпақты тәрбиелеп отыр. Атамның арманы мен батасы орындалып, Ата Заңмен құрдас болған бауырымыз – еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

Ата Заң – мемлекеттің мызғымас негізі, қоғам тұрақтылығы мен азаматтық құқықтардың кепілі. Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл – еліміздің азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарды басты орынға қоятынын дәлелдейтін басты қағида.

Конституция – халқымыздың тарихи таңдауы. Ол – саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірді реттейтін құқықтық негіз ғана емес, сондай-ақ ұлттық бірлік пен тұрақтылықтың кепілі. Әр азаматқа білім алуға, еңбек етуге, еркін пікір білдіруге, таңдау жасауға, өз құқығын қорғауға заңды жол ашады. Бұл мүмкіндіктер әр адамның әлеуетін ашуға, қоғамда өз орнын табуға септігін тигізеді.

Ата Заңда бекітілген ортақ құндылықтар – Қазақстанды өзгелерден даралайтын ең қымбат байлық. Жүзден астам этнос пен ондаған діни конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі – осы заңмен бекітілген теңдік пен әділеттіліктің айғағы. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, әр азаматтың құқығы қорғалып, кемсітушілікке жол берілмейді.

Конституция – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, өркениетті ел ретінде дамуына жол ашқан басты құжат. Ол – мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірі. Сондықтан әрбір қазақстандық Ата Заңды құрметтеп, оның талаптарын сақтап, заң аясында өмір сүруді басты міндеті деп білуі тиіс.

Конституция – еліміздің болашағының берік тұғыры. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі, халықтың бірлігінің және тыныштығының кепілі. Ата Заңымыздың әр бабы – халқымыздың арман-мұратына жол ашатын темірқазық. Заң үстемдік құрған елдің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Еліміз аман, бірлігіміз берік, заңымыз мызғымас болсын!


#Семей, #заң, #Абай облысы, #Конституция