Курчатов: 2025 жылғы даму қорытындылары және 2026 жылға басымдықтар

Курчатов: 2025 жылғы даму қорытындылары және 2026 жылға басымдықтар

2025 жылы Курчатов қаласы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң серпінді сақтап, негізгі индикаторларды жоғары нәтижемен аяқтады. Қала экономикасында тұрақты өсім қалыптасып, инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиев айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі ӨКҚ сілтеме жасап.

Экономика саласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 115,1%-ды (6,8 млрд теңге), бөлшек сауда айналымы 121,7%-ды (17,1 млрд теңге), негізгі капиталға инвестициялар 116,2%-ды (6,5 млрд теңге), ал құрылыс-монтаж жұмыстары 158,6%-ды құрады. Соңғы үш жылда қалалық бюджеттің ішкі кірістері тұрақты өсіп келеді: 2023 жылы – 2,1 млрд теңге; 2024 жылы – 2,5 млрд теңге; 2025 жылы – 2,9 млрд теңге.

Қала құраушы кәсіпорын – Ұлттық ядролық орталығы бюджет кірістеріндегі үлесін 70%-дан 48%-ға дейін төмендетті. Бұл экономиканың монотәуелділіктен біртіндеп арылып, әртараптандырылып жатқанын көрсетеді.Өңдеу өнеркәсібі екі жаңа кәсіпорынмен толықты: «BETA IZOL» ЖШС және «Altyn Group Qazaqstan» ЖШС. Соңғысы 2026 жылы өндіріс көлемін 10 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Алдағы ірі жобалар қатарында:

  • 700 МВт конденсациялық электр стансасының құрылысы (инвестиция көлемі – 759 млрд теңге);
  • 291 млрд теңгелік көмір-химия кешені;
  • жылына 150 мың тонна молибден кенін өңдейтін байыту фабрикасы.

Сондай-ақ, көлік ағынының өсуіне байланысты заманауи жанар-жағар май стансасының құрылысы басталады. Семей – Курчатов тас жолын республикалық деңгейге беру туралы шешім жол сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

2025 жылы 36 және 70 пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді, тағы бірнеше көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары басталды. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны 225-тен 375-ке дейін өсті.

Қала жолдарын жаңғыртуға 1,3 млрд теңге бөлініп, 2026 жылы жұмыстар толық аяқталады. «ҚазЦинк» АҚ демеушілігімен аулаішілік жолдар 100% асфальтталды.

Жылыту жүйесі жаңартылып, №4 қазандық толық ауыстырылды, 950 метр жылу желісі жаңғыртылды. 1968 жылдан бері жөндеу көрмеген сүзгі-сорғы станциясында жаңарту жүргізіліп, ауызсу сапасы жақсарды. Алдағы кезеңде бірыңғай жылу көзін салу, 44 шақырым су және 44 шақырым кәріз желілерін қайта жаңғырту жоспарлануда.

Қала толықтай жарықтандырылып, орталық аймақтар күн энергиясымен жұмыс істейтін шамдармен жабдықталды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 354 тонна қоқыс шығарылды.

Қалада 4 мектепте 1 560 оқушы, 3 балабақшада 546 бала тәрбиеленуде. 2025 жылы білім беру ұйымдарында жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 83 түлектің 6-ы «Алтын белгі» иегері атанды.

Қалалық аурухана ғимараты кезең-кезеңімен толық жаңартылуда. 2025 жылы үшінші қабатын жөндеуге 194,8 млн теңге бөлінді.

Спортпен жүйелі айналысатын тұрғындар үлесі 42,3%-ға жетті. Құны 1,7 млрд теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

2025 жылы тіркелген қылмыстар саны 45,8%-ға төмендеді. Құқық қорғау органдарының алдын алу шаралары нәтижесін беруде.

2026–2035 жылдарға арналған ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл шешім қаланың ғылыми, технологиялық және инновациялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Курчатов қаласы 2025 жылды нақты нәтижелермен аяқтап, 2026 жылға ауқымды жоспарлармен қадам басуда. Ірі инвестициялық жобалар, инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік саланы дамыту – қаланың тұрақты өсімінің берік негізі болмақ.


#Абай облысы, #Курчатов қаласы