Абай облысында жол нысандарынан 600-ден астам сапасыз сынама анықталды
2025 жылы Абай облысындағы жол құрылысы мен жөндеу нысандарында жүргізілген тексерулер барысында 600-ден астам жол-құрылыс материалдары нормативтік талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бұл өңірдегі жол сапасына қатысты өзекті мәселелердің әлі де бар екенін көрсетеді,-дейді abaidan.kz ақпараттық агенттігі Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШЖҚ РМК-ның Абай облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШЖҚ РМК-ның Абай облысы бойынша филиалы 2025 жылы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көше-жол желісі бойынша 79 жобаға сапа сараптамасын жүргізді. Барлығы 662 рет нысанға шығу іске асырылды. Тексеру барысында 3 395 сынама алынып, оның 614-і (18,1%) нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкес келмеген сынамалардың 302-сі қайта қалпына келтірілсе, 312 сынама талапқа сай емес күйінде қалды. Сонымен қатар, жол нысандарында 222 ақаулық тіркеліп, оның 127-сі жойылған, ал 95 ақаулық әлі де жойылмаған. Жыл қорытындысы бойынша қолданыстағы талаптарға сәйкес 20 нысанға оң қорытынды беріліп, тапсырыс берушілерге жолданды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар бойынша – 15, облыстық маңызы бар жолдар бойынша – 5 нысан бар. Мамандардың айтуынша, анықталған кемшіліктерді жою және жол сапасын арттыру бағытындағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
#Абай облысы, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"