Марат Әзілханов: Ассамблея бірегей қоғамдық институтқа айналды

Марат Әзілханов: Ассамблея бірегей қоғамдық институтқа айналды

– Марат Алмасұлы, Қа­зақстан халқы Ассамблея­сы­ның 30 жылдығы ел өмірін­дегі маңызды кезең болды. Осы мерейтойдың басты мәні неде деп ойлайсыз?

– Біз үшін Ассамблеяның 30 жылдығы – мерейлі дата ғана емес, ауқымды қоғамдық белестің маңызды қорытындысы. Осы жылдар ішінде бейбіт өмір сүруді, әр­алуандықты құр­меттеуді және диалог мәдениетін қалыпты өмірлік нормаларына айналдыр­ған азаматтардың жаңа буыны қалыптасты.

Ассамблея өз қызметін ел тәуелсіздігінің күрделі кезеңінде диалог алаңы ретінде бастады, ал бүгінгі таңда бұл жан-жақты жетілдірілген және бірегей қо­ғамдық институтқа айналды. Ме­рейтойлық жыл көпэтносты елімізде өзара сенімге, ашық қарым-қатынасқа және адам­дардың қоғамдық өмірге атсалысуына саналы деңгейде сұраныс сақталатынын айқын көрсетті.

Ұлттық бірлік өздігінен пайда болмайды, бұл дәйекті және тынымсыз жұмыстың арқасында қалыптасады. Ассамблея күн сайын құрмет пен сенім құнды­лықтарын нығайтады, жауапкер­шілік мәдениетін дамытады, заманауи патриотизмді қолдайды, адамдарды ортақ жасампаз іске тартады.

Әлеуметтанулық зерттеулер көрсет­кендей, елімізде этнос­аралық сенім­нің тұрақты жоға­ры деңгейі әрі мәдениет­аралық өзара іс-қимылға оң көзқарас қа­лып­­тасты. Бұл – осы отыз жыл ішінде Ассамблея әр адамның маңыздылығын және оның біртұтас қоғамдастыққа тиесі­лігін сезіне алатын кеңістік құрғанының заңды нәтижесі. Сондықтан мерейтой рәміздік дата ғана емес, соны­мен қатар Ассамблеяның нақты әлеуетін – еліміздің бірлігін нығай­туға қабілетті институт ре­тіндегі тиімділігі мен өзектілігін дәлелдеді.

– Мерейтой жылы ең жоғары деңгейде маңызды шешімдер шықты. Негізгі айшықты іс-шара Президенттің төрағалығымен өткен ҚХА сессиясы болды. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарларға байланысты Ассамблея қалай өзгереді?

– XXXIV сессияда Мемлекет басшысы Ассамблеяның жұмы­сын жоғары бағалады, сонымен қатар жаңа бағдарларды атап өтті: тиімділікті арттыру, прак­тикалық қайтарым, қоғам­дық құрылымдардың рөлін ұл­ғайту, үдерістерді цифрландыру және жастармен белсенді диалог жүргізуді тапсырды. Президент «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты негізінде қоғамды шоғырландыру, сондай-ақ даму­дың жаңа кезеңіндегі мемлекеттік құрылыстың мақсаттарына сәй­кес Ассамблеяны одан әрі трансформациялау үшін жаңа тәсілдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Біз тапсырмаларды орындау­ға жедел кірістік. Ел тарихын­да тұңғыш рет аудандық Ассам­блеялар – азаматтардың қатысуы және халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы құрылды. Қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарының бірқатар ауданында жаңадан аудандық Ассамблеялар құры­лып, жергілікті жерлерде өзара іс-қимылды ны­ғайтып жатыр. Сонымен қатар инфрақұрылым қолға алынып, жаңа Достық үй­лері ашылды, тағы бірнеше нысан салынып, іске қосылуға әзірлік үстінде.

Ассамблеяның жаңа жобалары іске қосылды. «Инклюзивті Ассамблея» жобасы ҚХА құ­рылымдарының ішінде тұра­қ­ты инклюзивті орта құру­ға назар аудара отырып, аза­мат­тар­дың барлық санатының қаты­суын көздейді. «Жеңіс – бір­лікте» спорттық платформа­сы белсенді адамдарды саламат­ты өмір салты мен ынтымақтастық құндылықтары төңірегінде бірік­тіреді. «Еңбеккерлер Ас­сам­блеясы» жобасы еңбек­сүй­гіштік мәдениетін ілгері­летеді, еңбек ұжымдарын корпо­ративтік ынтымақтастық пен жауапкершілікті нығайта отырып, әлеуметтік бастамаларға тартады. «Креативті шешімдер платформасы» жобасы – заманауи цифрлық идеяларды, ком­муникацияның жаңа форматтары мен жастар бастамаларын қалыптастыратын инновациялық кеңістік. Әрине, цифрландыру дәуірінде азаматтармен өзара іс-қимылды ыңғайлы әрі жедел ету, көптеген үдерісті онлайн­ортаға көшіру үшін «Цифрлық Ассамблея» жобасын іске қостық. Бұл ретте Ассамблеяның дәстүрлі институттарына – Аналар кеңесі, медиация, қайырымдылық, т.б. жобаларға жаңаша мазмұн мен серпін берілді.

ассамблея

Мұның бәрі Ассамблеяның өз жұ­мысындағы құралдар мен тәсіл­дерді заман талабымен үн­дестіре жетілдіретінін көрсе­теді. Оның бас­ты міндеті – адам­дарға жақын болу, елдің даму қарқынына сай келу. Нәти­жесі айқын: ҚХА елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, еліміздің да­муына атсалысатын серпінді институт болып қала береді.

– Бүгінгі таңда, сырттай қа­ра­ғанда, Ассамблеяның жұмы­сы этномәдени орта­лық­тар­ды біріктіру форматынан әлде­­қашан асып, кеңестер, орта­лықтар, қозғалыстар мен алаң­дардың тұтас желісіне айнал­ғандай әсер қалдырады. Бұл инфрақұрылым қалай жұмыс іс­тейді және Ассамблеяны ауқымды қо­ғам­дық организм ететін барлық құры­лым­ның жұмысын кім қамтамасыз етеді?

– Иә, Ассамблея – көп дең­гейлі жүйе. Ол этномәдени бір­лестіктерді, Ақсақалдар кеңе­сін, Аналар кеңестерін, «Ас­самблея жастары» қозға­лысын, Парламенттегі және мәс­ли­хат­тардағы депутаттық топ­тарды, «Жомарт жан» қайырым­ды­лық орталықтарын, медиа­ция ор­талықтары мен кеңесте­рін, ғылыми-сарапшылық қо­ғам­дастықты, ЖОО-дағы ҚХА кафедраларын, Достық үйлерін, Жур­налистер клубтарын, шы­ғар­машылық ұжым­дар­ды бірік­тіреді. Осының арқасында біз пат­­рио­тизм мен өзара көмекке тәрбиелеу­­ден бас­тап, халықтық дипломатия­­ны да­мытуға және қатысудың әртүр­лі фор­масына дейінгі қоғамдық міндет­­тердің барлық спектрін қамти аламыз.

Елімізде мыңға жуық этно­мәдени бірлестік жұмыс істейді, олар күн сайын қоғамдағы өзара құрмет пен ашық диалог мәдениетін нығайтады. Мерей­тойлық жылы еліміздегі этно­мәдени бірлестіктер қоғамдық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан жүздеген мәдени, әлеу­меттік, білім жобаларын іске асыра отырып, жоғары белсенділік танытқаны ерекше маңызды.

Ақсақалдар кеңесі тағылым­ды тәр­бие және ағартушылық жұмысын жүр­гі­зіп келеді. Елімізде 1 200-ден аса Ақсақал­дар кеңесі жұмыс істейді, бүгін­гі таңда олардың қатарында 7 мыңнан аса адам бар. 2025 жылы олар140 мыңнан аса аза­матты қамтыған 3 мыңнан аса іс-шара өткізді, 400-ге жуық өзекті өтінішті қарап, мемлекеттік органдарға 170-ке жуық ұсы­ныс жолдады. Бұл – қоғам мен мемлекеттік институттардың тікелей байланыс арнасы.

Аналар кеңестері өз қатарына 12 мың­нан аса әйелді біріктіре отырып, руха­ни құндылық­ты қалыптастыру, әлеу­мет­тік кеселдердің алдын алуда ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бір жылдың ішінде ғана олар 275 мыңнан аса адамды қамтыған 4,3 мыңнан аса іс-шара өткізді. Аналар кеңестері ІІМ-мен ынтымақ­тастықта «Жасыл сертификат» жобасын іске асырып, нашақорлықтың алдын алуға атсалысады. Олар әскери бөлімдерде, мектептер мен балалар үйлерінде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында жұмыс жүргізеді.

«Ассамблея жастары» – бүгін­­де еліміз­дегі ең ірі және серпін­ді қозғалыстардың бірі. Оның қатарында 10 мыңнан аса бел­­сенді бар, ал «Жаңа толқын», «ҚХА Көш­басшылар мектебі» және «Jastar Generation» жобалары көш­басшы­лық­ты, мәдениет­ара­лық коммуникация­ны және жобалық ойлауды дамыту алаңы­­на айналды. Колледждер мен жоға­ры оқу орындарында 100-ден аса сту­денттік ассамблея жұ­мыс істейді. Міне, осылайша бір­лік пен жасампаздық идеяларын ілгерілететін жаңа буын көш­бас­шылары қалыптасып келе­ді. «Ассамблея жастары» Ор­та­­лық Азиядан ЮНЕСКО-ның Жа­һандық жастар қауым­дасты­ғына, Еуропалық жас­тар картасы қауымдастығына қосыл­ған алғашқы жас­тар ұйымы болды.

«Бір ел – бір мүдде» депутат­тық тобы – Ассамблеяның Парла­ментпен және мәслихат­тармен өзара іс-қимылының негізгі буыны. Депутаттық топ жұмысы нәтижесінде ҚХА маңызды әлеу­меттік, құқықтық және этносаралық мәселелерді көтере отырып, олардың заңнамалық деңгейде шешілуіне ықпал ете алады.

Бүкіл жүйенің негізгі эле­мен­ті – еліміз­дің барлық өңірін­дегі 36 Достық үйі. Бұл – на­ғыз қоғамдық хаб, мұнда күнде­лікті практикалық жұмыс жүргізіледі: тіл үйрету және білім беру курстары, жастар жоба­ла­ры, мәдени іс-шаралар, этно­мәде­ни бірлестіктердің кездесулері, медиативтік консультациялар, волонтерлік акциялар ұйымдас­тырылады. Осылайша, келісім идея­лары нақты мазмұнға ие болады.

Қорыта айтқанда, елімізде этносаралық келісімнің біртұтас экожүйесі қалыптасты, онда стратегиялық және практикалық деңгейлер үйлесімде жұмыс істей­ді. Дәл осы жүйелілік келісім саясатын тұрақты және тиімді етеді.

– Ассамблея келісім мен өзара көмек туралы жиі айтады. Бұл нақты жұмыста қалай көрінеді? Қайырымдылық бас­тамалары мен ҚХА медиа­тивтік желісі адамдарға іс жүзін­де қалай көмектеседі? Ол қоғамдағы бір­лікті нығай­туға ықпал ете ала ма?

– Практикалық жұмыс – Ас­­сам­­­блея қызметінің тиімділі­гінің ең айқын көрсеткіштерінің бірі. ҚХА-ның қайырым­дылық бағыты мен медиация жүйесі азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін нақты міндеттерін күн сайын шешеді.

«Жомарт жан» орталығы желісі атаулы қолдаудың қуатты құралына айналды. Биыл бұл орталықтар 300 млн теңгеден аса сомаға 476 жобаны іске асыр­ды. Бұл – аз қамтылған отба­сыларға көмек, төтенше жағ­дайлардан зардап шеккендерге қолдау көрсету, ауыл мек­теп­терін қамтамасыз ету, қарт­тарға арналған әлеуметтік бағ­дарламалар. Олар нақты сұраныс­тармен жұмыс істейді: баланы мектепке дайын­дау, өрт зардаптарын жою, дәрі-дәр­мек жет­кізу, тұрмыстық мәселелерді шешу. Осы іс-шаралар арқылы халық Ассамблеяның көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созатынын көріп отыр.

Екінші маңызды практикалық желі – медиация. Елде 21 медиация орталығы, 21 медиация кеңесі және 330 медиатор жұмыс істейді. Бұлар күн сайын түрлі дау-дамайды – отбасылық келіспеушілік, еңбек жанжалы, тұрмыстық өзара іс-қимыл мәселелерін шешеді. Бұл – сот ісін жүргізудің жылдам, қолжетімді әрі бейбіт баламасы. Медиаторлар тарап­тарға келіс­сөздер үстеліне отыруға, бір-бірін тыңдауға, қолайлы ше­шім табуға көмектеседі. Мұндай жұмыс шиеленісті азайтады, жанжал­дардың алдын алады, адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты сақтайды.

Ассамблея – бірлік пен ынты­мақ құндылықтарын насихаттаумен қатар, күнделікті нақты көмек көрсететін, адамдардың мәселелерін шешетін, қоғам­дағы татулықты қолдайтын институт.

– Ассамблея айналасына көп адам – түрлі мәдениеттің өкілдерін біріктірді. Бұл тар­тым­дылық атмосферасы қалай қалыптасады деп ойлайсыз?

– Ассамблеяның мерейтой­лық жылы біздің қоғамда қуатты біріктіруші энергия бар екенін айқын көрсетті. Адамдар құр­мет пен сенім атмосферасын сезін­генде ортақ іске атсалысуға дайын екеніне 10 мыңнан аса іс-шара мен 1 миллионнан аса қатысушы дәлел бола алады. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты әртүрлі мәдениет бірін-бірі үйлесімді түрде толықтыра­тын осы ортаны жасайды. Бұл, әсі­ресе, мәдени бағдарламада ай­қын көрінді: ел аумағында 75 фес­тиваль, 50-ден аса спектакль мен концерт өтті. Астана ұлттық шығармашылық орталығына ай­налды, онда шығармашылық ұжымдар фестивалі, халық қол­өнері фестивалі, «Бірлі­гіміз жарас­қан!» балалар мен жас­өспірім­дер өнерінің респуб­ликалық фестивалі өтті. Алматыда алғаш рет өткізілген этностардың театр өнері фестивалі сахна тілінің сан қырлы екенін, біздің мәдени әралуандығымыздың қаншалықты бай екенін көрсетті.

Мемлекеттік тілді ілгерілетуде де елеулі нә­тиже байқалады. Бүгінгі таңда түрлі эт­ностың өкілдері қазақ тілінде сөй­леу­­мен қатар, қазақша ойлайды, ән ай­та­ды, өздері қазақ тілін үй­ретеді және шеберлік сабақтарын өткізеді, тілге қатысты жобалардың бастамашысы болады. Ассамблея мұны «Мемлекеттік тіл – этнос­аралық қатынас тілі», «Ұлы дала­ның ұлтаралық тілі», «Үйде сөйле» бағдарламалары арқылы, әсіресе он жыл ішінде 130 мыңға жуық іс-шара өткізіп, миллиондаған жеткіншекті мем­лекет­тік тілдің айналасына бірікті­ретін алаңға айналған «Мың бала» қозғалысы арқылы қолдайды.

Міне, осылайша, мәдениет пен тіл адамдар арасындағы жан­ды көпірге айналатын, се­нім, өзара түсіністік пен ортақ бір­лігімізді нығайтатын кеңістік қалыптасады.

– Этносаралық қатынас – өте нәзік әрі сезімтал сала. Адам­­дармен жұмыс істеу және әлеу­меттік үдерістердің нюанс­­тарын түсіну үшін арнайы білім мен тәсілдер қажет. Ассамблея мұн­дай мамандарды қалай даярлайды және орын алған жағдайды терең тү­­­сі­­­нуді қалай қамтамасыз етеді?

– Ассамблея мамандар даяр­лауды, сарапшылық талдаманы және кәсіби медиажұмысты біріктіретін тұтас жүйе қалып­тастырды. Біріншіден, білім бағыты жұмыс істейді. ҚХА кафедралары мен Академиясы арқылы кадр даярлаудың дәйек­ті траекториясы құрылды: Дос­тық үйлерінің қызметкерлері, этно­мәдени бірлестіктер мен қоғамдық құры­лымдардың өкіл­дері үшін жыл сайын оқыту ұйым­дастырылады.

Екіншіден, ауқымды сарапшы­лық-талдамалық желі жұмыс іс­тейді. Ғылыми-сарапшылық кеңес пен өңірлік топтар 300-ге жуық зерттеушіні біріктіреді, олар қоғамдық үрдістерді тал­дайды, қауіп-қатерлерді анық­тайды, ғылыми негізделген ұсыныстар жасайды. Жас ғалым­дар клубы жаңа зерттеу мек­тебінің сабақтастығы мен да­муын қамтамасыз етеді. Қазақ­станда іс жүзінде өзіндік мемле­кеттік этно­саясат мектебі – қоғамдық келісімді нығайту теориясы мен практикасының және инновациялық тәсілдерінің үйлесімі қалыптасты.

Үшінші – ақпараттық бағыт. ҚХА Журналистер клубы респуб­ликалық және өңірлік БАҚ-тарды біріктіре отырып, келісім тақырыбын жауапкершілікпен жариялаудың негізгі алаңына айналды. Мерейтойлық жылы 10 мыңға жуық журналист пен блогердің қатысуымен 150-ден аса оқыту медиа іс-шара­сы өтті. Бұл медиа сауатты­лық пен кәсіби стандарттарды айтарлықтай арттырды. Нә­ти­жесінде, медиабелсенділік айтар­лықтай өсті: 63 мыңнан аса материал жарияланды, 7,7 мың телесюжет шықты, әлеуметтік желілерде 44 мыңнан аса жарияланым орналастырылды.

Білім беруге даярлық, сарап­тама және заманауи медиакоммуникация Ассамблеяда болып жат­қан үдерістерді түсінуге, қоғам үшін келісім тақы­рыбын сапалы жариялауға кө­мек­тесетін тұрақты кәсіби негіз қалыптастырады.

– Бүгінде әлемде «жұмсақ күш», ха­лық­тар диалогі туралы көбірек айтылады. Қазақ­стан халқы Ассамблеясы осы әлемдік диалог архитектурасында қан­дай рөл атқарады? Оны елдің дипло­матиялық бренді деп санауға бола ма?

– Әрине. Ассамблея біздің елімізде қалыптасқан бейбіт қатар өмір сүру мен сенім моде­лін әлемге таныта отырып, отандық мәдени дипло­матия­ның маңызды бөлігіне айналды. Халықтық дип­ломатия орталығы мен ҚХА Достық елшілерінің корпусы арқылы этносара­лық келісім идея­сын ілгерілете­міз және біздің әралуандығы­мыз қауіп-қатер факторы емес, да­му ресурсы бола алатынын көрсетеміз.

Біздің тәжірибемізге деген қызығу­шылық үнемі артып келеді: кейінгі жылдары Ассам­блеяға әртүрлі елдің ха­лық­аралық ұйымдары, пар­ла­менттері мен зерт­теу орта­лықтары 60-тан астам рет жүгін­ген. Бұл модель қоғамдық тұрақты­лықтың өмір­шең әрі практикалық үлгісі ре­тінде қабылданатынын көрсетеді.

Біздің міндетіміз – тәжі­рибе алмасу ғана емес, келісім мен бірлік жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін көрсету, оны зерделеп, ауқымын кеңейту. Міне, осылай халықтық дипломатияның шынайы қуаты ашылады.

– Оның дамуын қандай стра­тегиялық міндеттер айқын­дайды? ҚХА тарихындағы жаңа кезең туралы не айтуға болады?

– Отыз жылдық белес шын мәнінде Ассамблеяның жаңа кезеңіне жол ашады. Президент негізгі басымдықтарды атап өтті: этносаралық саясаттың тиімділігін арттыру, азаматтарды көбірек тарту, Ассамблеяның маңызды қоғамдық инс­титут ретіндегі рөлін нығайту. Бұл стра­тегиялық тұжырымның негізі елдің мәдени байлығын дамудың жалпыұлт­тық мақсаттарымен байланыстыратын «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты болып қала береді.

Саяси реформалар жағ­дайында Ассамблеяның әлеуе­тін сақтап қана қоймай, оның рөлін терең институциялан­­дыру маңызды. Бұл ретте рес­ми өкілет­тіктер туралы емес, қо­ғамдық ортаға және келісім­ді нығайтуға әсер ететін шешім­­дерді талқылауға, әзір­леуге ҚХА-ны жүйе­лі түрде тар­­ту туралы айтылып отыр. Жал­п­ы, тұрақтылыққа қара­мас­­тан, этнос­аралық сала ақпа­рат­­тық қауіп-қатерлер мен сырт­қы әсерлерге сезімтал болып қала береді. Сондықтан белсенді жұмыс, сапалы қарым-қатынас және қазіргі кездегі сын-қатерлерге уақтылы ден қою өте маңызды.

Алдағы жылдарға арналған негізгі бағыттар айқындалды: аза­маттық ынты­мақ­ты нығайту, әралуандықты даму ре­сур­сы ре­тінде ілгерілету, қоғамдық диа­лог пен халықтық диплома­тияны дамыту, жас­тар мен во­лон­терлерді тарту. Ассам­­­блея­ның негізгі капиталы – сенім. Ол он­даған жыл бойы қалып­тасты және бүгін­­гі таңда ұлттық бірліктің негізіне айналды. Жаңа кезеңнің міндеті – еліміздің тұрақтылығы мен бір­лігін нығай­та отырып, осы әлеуетті барынша тиімді пайдалану.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –Орынбек ӨТЕМҰРАТ,«Egemen Qazaqstan»


#Қазақстан, #Ассамблея