Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 47 қаралымabaidan.kz

Мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі жүйелі мәселелерді шешу: азаматтардың құқықтарын қорғау және қызмет көрсету сапасын арттыру

Мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі жүйелі мәселелерді шешу: азаматтардың құқықтарын қорғау және қызмет көрсету сапасын арттыру

Азаматтарға мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі сапалы көрсетілуі – мемлекеттік басқарудың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қызмет алу барысында туындайтын мәселелерді анықтау және оларды жүйелі түрде шешу азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға тікелей ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау арқылы анықталған мәселелерді зерделеп, олардың қайталануына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Осы бағыттағы жұмыс туралы Департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы М. Мақсұтқан айтып берді.

– Бүгінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу барысында қандай мәселелерге жиі тап болады?

– Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау барысында қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауы, құжаттарға қойылатын талаптардың дұрыс түсіндірілмеуі және азаматтарға қызмет алу тәртібі туралы толық ақпарат берілмеуі сияқты мәселелер кездеседі.

Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен бақылау нәтижелерін талдау барысында қайталанып отыратын, яғни жүйелі сипаттағы мәселелер де анықталады. Мұндай жағдайларда мәселенің тек салдарын емес, оның туындау себептерін анықтау маңызды.

– Азаматтардың өтініштері жүйелі мәселелерді анықтауға қаншалықты мүмкіндік береді?

– Азаматтардың өтініштері – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 87 өтініш келіп түсті.

Әрбір өтініш бойынша заңнама талаптарының сақталуы зерделенеді. Егер белгілі бір мәселе бірнеше өтініште қайталанса, оның себептері талданып, тек нақты азаматтың мәселесін шешумен шектелмей, жүйелі себептерін жоюға бағытталған шаралар қабылданады.

– Департаменттің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бақылау жұмыстары қандай нәтиже көрсетті?

– Есепті кезеңде Абай облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 12 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде 12 мыңнан астам бұзушылық анықталды.

Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты – бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу.

Сондықтан әрбір анықталған кемшілік бойынша оның себептері талданып, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру және алдын алу шараларын қабылдау мәселесіне назар аударылады.

– Мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа көшуі азаматтар үшін қандай мүмкіндіктер берді?

– Цифрландыру мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, олардың қолжетімділігін арттыруға және азамат пен мемлекеттік орган арасындағы тікелей байланысты азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар электрондық форматқа көшу қызмет көрсету процесін жетілдіру жұмыстарын тоқтатпауы тиіс. Ақпараттық жүйелердің тиімді жұмыс істеуі, азаматтарға түсінікті интерфейс пен рәсімдердің қарапайымдылығы да маңызды.

– Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту мәселесіне қатысты қандай талаптар сақталуы тиіс?

– Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту тек заңнамада белгіленген нақты негіздер бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Азаматқа бас тартудың себебі түсінікті және негізді түрде түсіндірілгені маңызды.

Осыған байланысты Департамент бақылау барысында бас тартудың заңдылығына, оның негіздерінің дұрыстығына және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сақталуына ерекше назар аударады.

– Азаматтарға мемлекеттік қызмет алу кезінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, азаматтар өз құқықтарын және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін білуі қажет. Егер қызмет көрсету барысында заңнамада көзделмеген талаптар қойылса, қызмет көрсету мерзімі бұзылса немесе негізсіз бас тарту орын алса, азамат өз құқығын қорғау үшін шағымдануға құқылы.

Ал Департамент үшін әрбір өтініш – азаматтың нақты мәселесін шешумен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін ақпарат көзі.

Біздің басты міндетіміз – азаматтың мәселесін шешумен ғана шектелмей, оның қайталануына себеп болатын жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға ықпал ету. Өйткені сапалы мемлекеттік қызмет – азамат үшін қолжетімді, түсінікті және артық әкімшілік кедергілерсіз көрсетілетін қызмет.