Абай облысының Ақсуат ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда адалдық құндылықтарын орнықтыру мәселелеріне арналған форум мен бірқатар ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
2026 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Руслан Шариповтың Ақсуат ауданына жұмыс сапары өтті. Сапар аясындағы негізгі іс-шара ауданның мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор өкілдерін, Қоғамдық кеңес мүшелерін және өзге де қатысушыларды біріктірген «Адал еңбек – абыройлы қызмет» форумы болды.
Форумға Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ахмет Аққазин, Абай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Серікжан Нариманов, мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметшілері, ауылдық округ әкімдері, комплаенс-офицерлер және қоғам өкілдері қатысты.
Жиында мемлекеттік қызметтегі адалдық, заңдылық пен әділдік қағидаттарын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту мәселелері талқыланды. Қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен орындау, әдеп нормаларын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну адал мемлекеттік қызметтің негізгі талаптары ретінде атап өтілді.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – азаматтармен тікелей диалог орнату болды. Департамент басшысы Руслан Шарипов тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісіндегі қоғамдық бақылаудың рөлі, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және адалдық құндылықтарын ілгерілету мәселелері қаралды.
Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығында «ADAL QUIZ» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Камаловтың қатысуымен өткен шара жастардың заңға құрметін, адалдық пен әділдікке негізделген азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталды.
Жұмыс сапары барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына да назар аударылды. Руслан Шарипов Ақсуат ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Мансап» орталығының жұмысымен танысып, азаматтарға қызмет көрсету үдерістерін ұйымдастыру және мемлекеттік органдар қызметінің қолжетімділігі мәселелеріне көңіл бөлді.
Іс-шаралар барысында «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамаларының негізгі бағыттарын ілгерілету мәселелеріне де басымдық берілді. Атап айтқанда, өскелең ұрпақтың бойында адалдық пен отаншылдық құндылықтарын қалыптастыру, заң талаптарын сақтау мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын нығайту, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және қоғамдық тазалық мәдениетін дамыту қажеттігі атап өтілді. Аталған бастамаларды іске асыру мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және тұрғындардың бірлескен іс-қимылын талап ететіні айтылды.
Бұдан бөлек, аудандық аурухананың ұжымымен және Ырғызбай ауылдық округі әкімі аппаратының, бюджеттік мекемелердің қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Кездесулерде мемлекеттік қызметшілер мен ұйым қызметкерлерінің қызметтік әдеп талаптарын сақтауы, заңдылық пен тәртіп қағидаттарын ұстануы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуі және азаматтармен өзара қарым-қатынаста жауапкершілік танытуы мәселелері қозғалды.
Аталған іс-шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын тек құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектемей, оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды ерте анықтауға, құқықтық мәдениетті арттыруға және мемлекеттік органдардың қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған.
Адалдық пен әділдік қағидаттарын күнделікті қызметте басшылыққа алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және әрбір азаматтың өтінішіне жауапкершілікпен қарау – халық сеніміне ие болудың маңызды шарттары. Ақсуат ауданында өткен форум мен оған ілеспе кездесулер осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті




