Наурыз-2025: Абай облысында Ұлыстың ұлы күні ауқымды және креативті форматта атап өтіледі
22 наурызда Семей қаласы мен Абай облысының қала-аудандарында Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпаратық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мерекеге орай облыс бойынша 300-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар ұсынылады.
Облыс орталығы Семейде 50-ден астам киіз үй тігіліп, мерекенің басты шарасы – орталық алаңда өтеді.
Табиғаттың жаңаруы мен бірліктің, ізгі ниеттің белгісі саналатын көне мейрам биыл ерекше мәнге ие. Себебі, өңір ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына дайындық үстінде.
Семей қаласы Наурызды кең көлемде атап өту үшін мазмұнды бағдарлама әзірледі. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына мерекенің мәнін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Мерекенің басты оқиғасы – тұсаукесер рәсімі болмақ. Бұл шараға Абайдың 180 жылдық мерейтойына байланысты облыстан 180 бала қатысады. Осы арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен халық дәстүрлерінің жас буынды тәрбиелеудегі маңызы ерекше көрсетіледі.
Сонымен қатар, биыл композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жүз жас домбырашы шығармаларын бір мезгілде орындап, музыка мен тарихи тағылымға толы ерекше атмосфера сыйлайды.
Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 30 жылдығына, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына және басқа да маңызды оқиғаларға арналған мерекелік киіз үйлерді безендіруге ерекше назар аударылады.
Семей қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, фотоаймақтар дайындалады.
Қала бойынша Қарағайлы, Әуезов алаңы мен теміржол вокзалы, Силикат, Тері-былғары зауыты аудандары, сондай-ақ Шығыс, Бобровка және Юность кенттерінде 50-ден астам киіз үй тігіледі.
Мерекенің басты іс-шаралары – орталық алаңда өтеді. Мұнда театрландырылған қойылымдар, күндізгі және кешкі концерттік бағдарламалар өтеді.
Семейліктер мен қала қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының, соның ішінде «МузАрт» тобы мен Қайрат Нұртастың өнерін тамашалайды.
Осылайша Наурыздың кең көлемде өтуі көктемнің, жаңарудың және бірліктің мейрамы ғана емес, сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына дайындықтың маңызды бөлігіне айналады.
Өңір артық шығынға жол бермей, ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы ұлы ойшылдың туған жерінде атаулы күнді абыроймен атап өтуге әзір.
Басталуы: 22 наурыз, Семей қаласы, Орталық алаң, сағат 11:00-де.
Облыстың аудан орталықтарында, Семей қаласындағы Қарағайлы, Шығыс кенті, Силикат зауыты, Бобровка, Юность, Теміржол вокзалы, Былғары зауыты және Әуезов алаңы аумағында, сағат 10.00-де.