Облыс әкімі Шұбартау өңіріндегі жолдардың жағдайымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында республикалық маңыздағы «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» жолының жағдайымен танысты, -деп abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Күре жолдың Баршатас пен Малгелді ауылдары арасындағы бөлігіне арнайы барды. Өйткені, жолдың осы аумағына Шұбартау өңірінің тұрғындары жиі шағымданады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, былтыр Баршатас пен Малгелді ауылдары арасындағы жолдың 10 шақырымына асфальт төселген. Биыл осы жолдың 30 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Жергілікті тұрғындар облыс әкіміне былтыр жасалған жолды жүк көліктері бүлдіріп жатқанын жеткізді. «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» жолымен Шұбартау өңірінің 7 мыңға жуық халқы қатынайтынын айтып, жолдың бүгінгі жағдайына алаңдаушылықтарын білдірді.


Облыс әкімінің шақыруымен келген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері биыл «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» жолының 45 шақырымына асфальт төселетінін айтты. Оның ішінде Баршатас пен Малгелді арасындағы жол да бар.

Аймақ басшысы Шұбартау өңірінің жол мәселесін жақсы білетінін атап өтті.
«Бүгін осы жолдың жағдайын көрейін деп арнайы келдім. Биыл бұл күре жолдың екі учаскесіне асфальт төселеді. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. Шұбартау өңіріндегі жолдардың жағдайын жақсарту жеке бақылауымда болады» деді облыс әкімі.

Айта кетейік, кеше облыста жол жөндеу маусымы ресми түрде ашылды. Былтыр өңірде 250 шақырым жол жөнделген. Биыл бұл көрсеткіш ұлғайып, аймақтағы 400 шақырым жол жасалады.
#Абай облысы, #Аягөз, #Берік Уәли