«Қалқан»: мықтылар анықталған күн

«Қалқан»: мықтылар анықталған күн

Абай облысында республикалық «Қалқан» қысқы Спартакиадасының облыстық кезеңі ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жарысқа облыс аудандарынан келген 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.

​Спартакиада Шүлбі кентіндегі «Ұлан» облыстық әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығының базасында өтті. Облыстық кезеңнің негізгі мақсаты – «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында жан-жақты дамуды жетілдіру, олардың физикалық дайындығы мен патриоттық рухын нығайту болып табылады.

Жарыс президенттік көпсайыс ережелеріне сәйкес өткізілді. Спартакиаданың алғашқы күні қатысушылар М-8 пневматикалық винтовкасынан ату, ұлдар арасында белтемірге тартылу, ал қыздар арасында арқаға жатып денені көтеру жаттығуларынан сайысқа түсті.

​Екінші күні жас спортшылар 3000 метрлік шаңғы жарысында бақ сынап, төзімділік пен шыдамдылықтарын көрсетті.

​Спартакиадаға «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерінен құралған командалар қатысып, әр команда құрамында 2 ұл және 1 қыз болды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар мен қыздар арасында жекелей және командалық жеңімпаздар анықталды.

​Командалық есепте Бесқарағай ауданының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды – Жаңасемей ауданы, ал үшінші орынды – Мақаншы ауданының командасы жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және марапаттармен марапатталды, ал жарысқа қатысқан барлық жас сарбаздарға сертификаттар табысталды.

​Аталған спартакиада жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттауға және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.


#сарбаз