Отан алдындағы борыш – патриоттық парыз

Отан алдындағы борыш – патриоттық парыз

Әскери борышты өтеу – әрбір азаматтың қасиетті міндеті, ел тыныштығы мен болашағын қорғаудағы маңызды қадам. Әскер қатарына қосылу – тек қызмет емес, нағыз патриоттық іс, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінудің жарқын үлгісі. Бұл жолда  жинақтау пункттеріінің рөлі ерекше.

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны 2024 жылдың 4 қыркүйегінде басталып, желтоқсанның 28-іне дейін жалғасады. Бұл тұста Абай облысындағы  жинақтау пунктінің  осы маңызды міндетті жүзеге асыруға толық дайын екенін айта кеткен жөн. Мұндағы жинақтау пункті қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар толығымен сақталып, болашақ сарбаздарға үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жастардың сапалы медициналық тексеруден өтуі үшін Семей қаласындағы №7 поликлиникамен келісімшарт жасалып, медициналық комиссия 100% қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Облыстық жинақтау пунктінде жұмыс істейтін жоғары санатты аға дәрігер, әскерге шақыру қызметінде 30 жылдық еңбек өтілі бар Нәзима Мұхтарбекқызы Абданова болашақ сарбаздардың денсаулығы туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары әскерге шақырылушылар арасында түрлі аурулар санының өсуі байқалады.

«Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қазір көз ауруларының көбейіп бара жатқанын байқаймыз. Мұның басты себебі – компьютер мен телефонның әсері. Сонымен қатар, терапиялық аурулардан асқазан-ішек жолдарының мәселелері, дене салмағының артуы (семіздік) немесе жетіспеушілігі, жүрек аурулары, неврологиялық және хирургиялық патологиялар, мысалы, сколиоз, майтабан, варикоз жиі кездеседі. Бұл факторлардың барлығы жастардың әскерге жарамдылық деңгейіне әсер етеді»

Айта кетерлік жайт,  жастардың  денсаулығындағы ақауды анықтауда  қазіргі  медициналық тексеру процестері бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Әскерге шақырылушылардың денсаулығын зерттеу үшін КМИС медициналық бағдарламасын қолданылады. Бұл бағдарлама арқылы мамандар әрбір шақыртылушының қандай ауруы бар екенін, медициналық құжаттарын компьютерден қарап, біле алады. Егер қосымша тексеру қажет болса, МРТ, КТ сияқты заманауи зерттеулерге жіберу мүмкіндігі  бар.

Мұндағы медицина қызметкерлері  үшін ең бастысы – әскерге дені сау, моральдық және физикалық тұрғыдан дайын азаматтарды жіберу. Әрбір болашақ сарбаз елін қорғауға қабілетті болуы тиіс. Бұл бағытта медициналық комиссияның жұмысы өте маңызды рөл атқарады.

Нәзима Мұхтарбекқызының айтуынша, денсаулық мәселелерін ертерек анықтау және оларды емдеуге бағытталған заманауи әдістер – әскерге жарамды сарбаздарды дайындаудың негізі. Облыстық жинақтау пунктінің кәсіби дәрігерлерінің осындай жан-жақты еңбегі болашақ сарбаздардың дайындық сапасын арттыруға септігін тигізуде.

Жалпы, бүгінгі күнде  Абай облысынан мерзімді әскери қызметке 657 азамат шақырылған.  Олардың қатарында:

Шекара қызметі – 135 азамат;

Қорғаныс министрлігі – 337 азамат;

Төтенше жағдайлар министрлігі – 18 азамат;

Ұлттық гвардия – 156 азамат (қазіргі таңда жасақтау жалғасуда);

СНҚ  (Стратегиялық нысандарды  қорғау) – 6 азамат.

Бұл статистика – облыстық жинақтау пунктінің үйлесімді әрі сапалы жұмысының нәтижесі. Әскер қатарына шақырылған әрбір азамат – тәуелсіздіктің тірегі, ұлт намысының қорғаушысы. Әскери борышты өтеу – ерлік пен қайсарлықтың, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі.

Сондықтан, әскерге жарамды жастарды іріктеу, оларды тасымалдау мен орналастыру мәселелері заңнама талаптарына сай мұқият ұйымдастырылған.  

Семей қаласындағы облыстық пункттен теміржол вокзалына дейін сарбаздарды тасымалдау да жолға қойылған. Қазіргі таңда ұлттық гвардия бөлімшелерін жасақтау жұмысы жалғасуда, ал шекара қызметі, төтенше жағдайлар министрлігі және қорғаныс министрлігі бойынша белгіленген көрсеткіштер толықтай орындалған.


#Семей, #Отан, #Абай облысы, #әскери