Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 20 қаралымabaidan.kz

«Семей орманы» резерватындағы ірі өрт оқшауланды

«Семей орманы» резерватындағы ірі өрт оқшауланды

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында болған ірі орман өрті оқшауланды. Ашық жалын толықтай сөндірілгенімен, өрт ошағындағы бықсыған аумақтарды толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін мамандар тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Өрт жақын маңдағы елді мекендерге таралған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау шамамен 370 гектар аумақты шарпыған.

Өртті сөндіруге Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметтері, әскери бөлімдердің жеке құрамы жұмылдырылды. Жалпы саны 800-ге жуық адам тартылған.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мұхит Рамазановтың айтуынша, өрт басталғалы бері жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.

«Өртті сөндіруге. 176 техника дан бөлек әуеден сөндіруге 7 тікұшақ жұмылдырылды. Кеше өрт басталғалы бері бір тәулік бойы өрт сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр».

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Ішкі істер министрлігі, Абай облысының әкімдігі және Қорғаныс министрлігінің авиациясы да тартылды. Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 219 мәрте ұшып, жалпы көлемі 474 тонна су төкті. Бұл өрттің таралуын тежеп, жердегі күштердің жалынды оқшаулауына мүмкіндік берген.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев:

«Өрт кеше жоғарылап кеткен болатын. Бүгінде ашық жалын толық сөндіріліп, тек бықсып жатқан аумақтар қалды. Сол аумақтардың барлығы толық оқшауланып, сөндірілгеннен кейін ғана өрт толық жойылды деп есептейміз», – деді министр.

Министрліктің мәліметінше, өрт ошағындағы жағдай тұрақты бақылауда. Мамандар бықсыған аумақтарды толық сөндіруге тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін екенін айтады. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ.

Құтқарушылардың жұмысына аптап ыстық пен екпінді жел қолайсыздық туғызғанымен, өрттің қайта тұтануына жол бермеу мақсатындағы жұмыстар үздіксіз жалғасып жатыр.