Семейде сауда нысандарындағы тазалық пен тәртіп күшейтіледі

Семейде сауда нысандарындағы тазалық пен тәртіп күшейтіледі

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Семей қаласындағы кәсіпкерлік нысандарында санитарлық талаптардың сақталуы мен тазалық мәселесі, сондай-ақ 2026 жылғы көктемгі әскери қызметке шақыру науқанының барысы қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кеңеске облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары қатысып, аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Омаров баяндама жасады.Өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес сауда нысандарын жаңғырту және оларды санитарлық әрі сәулеттік талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Семей қаласындағы «СМОКК» базары эскиздік жобасын әзірлесе, «Мереке» базарында дайындық кезеңі жүріп жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстарын бастау осы жылдың екінші және үшінші тоқсанына жоспарланған.Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сауда және қызмет көрсету саласындағы 900-ден астам нысанға санитарлық талаптарды сақтау және сыртқы келбетін ретке келтіру бойынша ескерту берілген. Сонымен қатар, талапқа сай келмейтін бірқатар нысандарға кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою туралы ұсыныстар жолданған.Аймақ басшысы Семей қаласының әкіміне барлық сауда нысандарын заң аясында толық тексеріп, санитарлық және абаттандыру талаптарын бұзғандарға нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ жаңғыртуға жататын базарлар бойынша бекітілген жол картасының орындалуын жеке бақылауға алу қажеттігін атап өтті.

Берік Уәли тиісті басқармалар мен департаменттерге кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, санитарлық талаптарды өрескел бұзған нысандарға заң аясында қатаң шаралар қолдануды, халық көп шоғырланатын сауда орындарын ерекше бақылауға алуды және қаладағы нысандардың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Бұл бағыттағы жұмыстар тек түсіндірумен шектелмеуі тиіс. Әрбір нысан бойынша нақты нәтиже болуы қажет. Мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтіліп, заңнамада көзделген шаралар толық көлемде қолданылуы керек. Негізгі мақсатымыз – барлық кәсіпкерлік нысандарында тазалық, қауіпсіздік және бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру», – деді облыс әкімі.

Кеңесте сондай-ақ көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының маңыздылығы атап өтілді. Аймақ басшысы жауапты органдарға жастар арасында патриоттық бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


#Семей, #Абай облысы, #кәсіпкерлік