Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 26 қаралымabaidan.kz

«Семейді сүю – тарихқа бас ию»: Семейде Қала күніне арналған мерекелік апталық өтеді

«Семейді сүю – тарихқа бас ию»: Семейде Қала күніне арналған мерекелік апталық өтеді

«Семейді сүю – тарихқа бас ию»: Семейде Қала күніне арналған мерекелік апталық өтеді

Биыл Семей қаласының тұрғындары мен қонақтары Қала күнін мазмұнды әрі ауқымды мерекелік бағдарламамен атап өтеді. 14–20 қыркүйек аралығында шаһарда мәдениет, спорт, танымдық және әлеуметтік бағыттарды қамтитын бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Биылғы мерекелік апталықтың негізгі тақырыбы – «Семейді сүю – тарихқа бас ию».

Бұл туралы Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев мәлімдеді.

Мерекелік апталықтың алғашқы күні, 14 қыркүйекте, қаланың тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған іс-шараларға басымдық беріледі. Орталық кітапханада сағат 11:00-де «Туған өлке – тұнған тарих» атты танымдық quiz ойыны өтеді. Сонымен қатар «Менің сүйікті қалам» тақырыбында қалалық мобилографтар конкурсы ұйымдастырылады.

15 қыркүйек «Семей – мейірімді қала» күніне арналады. Бұл күні тұрғындарды әлеуметтік қолдауға және ізгілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бастамалар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Биологиялық орталық тұрғындарға 9:00-ден 17:00-ге дейін тегін қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» акциясы аясында жалғызбасты, тұрмысы төмен және зейнет жасындағы азаматтардың тұрғын үй аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіледі. Балаларға арналған «Балаларға базарлық» акциясы аясында қалалық демалыс саябақтары мен сауда үйлерінде 9:00-ден 17:00-ге дейін түрлі жеңілдіктер ұсынылады.

16 қыркүйек жастардың шығармашылығы мен белсенділігіне арналады. «Семей – жастар қаласы» күні аясында Арбатта жоғары және орта білім беру ұйымдарының студенттері, сондай-ақ қала жастарының қатысуымен «Arbat Fest» ашық микрофоны өтеді. Шара сағат 14:00-де басталады.

18 қыркүйек «Семей – мәдениет мекені» күні ретінде белгіленген. Қалалық мәдениет сарайында сағат 14:00-де «Семей – жүрегімдегі қала» атты жанды дауыстағы мерекелік концерт өтеді. Шара барысында қарапайым еңбек адамдары «Үздік маман-2026» номинациясы бойынша марапатталады.

Сол күні сағат 16:00-де «Семей батыры» күштік экстримнен ашық турнир ұйымдастырылады.

19 қыркүйек «Семей – салауатты өмір мекені» күніне арналады. Қарағайлы шағын ауданындағы «Арена» мәдени-спорттық кешенінде сағат 9:00-де ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Спорттық бағдарламаның қатарында Қала күніне арналған аударыспақтан Семей қаласының ашық турнирі бар. Жарыс сағат 9:00-де басталып, 68, 74 және 87 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтеді.

Сондай-ақ сағат 11:00-де бәйгеден Семей қаласының ашық турнирі ұйымдастырылады. Бағдарламада аламан, топ бәйге және құнан жарысы қарастырылған. Ал сағат 10:00-де Қала күніне арналған «TUNGI RUN - SEMEY» шағын-марафоны өтеді.

Мерекелік апталықтың қорытынды күні – 20 қыркүйек. Бұл күн «Туған қалам – Семейім!» тақырыбына арналады.

Орталық саябақта сағат 11:00-де балалар арасында «Семейім – жүрегімнің төріндесің» атты өнер байқауы өтеді. Сағат 14:00-де «Kitap time» кітап марафоны ұйымдастырылады.

Сонымен қатар сағат 11:00-де «Handmade Семей» мерекелік қолөнер жәрмеңкесі мен қалалық кондитерлер арасында қаланың туған күніне арналған үздік кулинарлық композиция байқауы өтеді.

Спортсүйер қауым үшін де мерекелік бағдарлама қызықты болмақ. Сағат 16:00-де Ертіс жағалауында «ARB SEMEY» ММА ережесі бойынша халықаралық қоян-қолтық ұрыс турнирі өтеді.

Қала күнінің басты мерекелік шарасы Қарағайлы шағын ауданындағы Республика алаңында өтетін «Open Air» форматындағы салтанатты гала-концерт болмақ. Кешке Қазақстан және шетел эстрадасының жұлдыздары қатысады.

Мерекелік сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, Айри, Ернар Амандық, Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM OZONE өнер көрсетеді. Кеш жүргізушілері – Жазира Еркін мен DAKE. Мерекелік бағдарламаның соңында отшашу ұйымдастырылады.

Гала-концертті қала тұрғындарының барлығы тамашалауы үшін Арбат аумағында және Мұхтар Әуезов алаңында тікелей көрсетілім ұйымдастырылады.

Әсет Баймұрзаевтың айтуынша, биылғы мерекелік апталықтың мазмұны қала тұрғындарының әртүрлі санаттарының қызығушылығын ескеруге бағытталған. Бағдарламаға мәдениет пен өнер, спорт, жастар бастамалары, кітап оқу, қолөнер, қайырымдылық және әлеуметтік қолдау бағыттары енгізілген.

«Семейді сүю – тарихқа бас ию» ұраны аясында өтетін мерекелік шаралардың басты мақсаты – шаһардың бай тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттау, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, жастардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру.

Сонымен қатар мерекелік апталық қала тұрғындары арасында бірлік пен өзара сыйластық құндылықтарын нығайтып, Семейдің тарихи-мәдени мұрасына деген құрметті арттыруға бағытталған.