Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 12 қаралымabaidan.kz

Шипалы көлдің туристік әлеуеті артып келеді

Шипалы көлдің туристік әлеуеті артып келеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы Шипалы көліне барып, туристік аймақта жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы демалыс аймағындағы инфрақұрылымды аралап, демалушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы жобаларды көрді.

 

Шипалы көлі – Абай облысындағы ең танымал туристік нысандардың бірі. Бесқарағай ауданынан 85 шақырым жерде, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орналасқан көл бірнеше бір-біріне жақын жатқан тұзды көлдерден тұрады.

Көлдің минералдарға бай суы мен емдік балшығының қасиеті жоғары бағаланады. Мамандар оны Израильдегі Өлі теңізбен салыстырып келеді. Табиғи емдік су мен балшық жүйке жүйесі, қан айналымы, тыныс алу, ас қорыту, эндокриндік жүйе, тері, буын және қан тамырлары ауруларына оң әсер етеді.

Биыл туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында көл жағалауы абаттандырылды. Демалыс аймағында құмды жағажай, киім ауыстыру кабиналары, орындықтар, күннен қорғайтын шатырлар, волейбол алаңы, мангал аймағы, ағаш үйлер, күркелер, барбекю алаңдары және катамаранмен серуендеуге арналған орындар жасалған.

Шипалы көл емдік қасиетімен қатар, қарағайлы орманмен көмкерілген табиғатымен де ерекшеленеді. Жазғы маусымда мұнда Абай облысының тұрғындарымен бірге еліміздің өзге өңірлерінен және Ресейдің шекаралас аймақтарынан да көптеген турист келеді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, туристік аймақта инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда ұзындығы 19,8 шақырым электр желісін тарту, сумен жабдықтау жүйесін жүргізу және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жұмыстары басталған.

Сапар барысында Берік Уәли көл жағалауында жаңадан ашылған құтқару бекетінің жұмысымен танысты.

 

 Бекетте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы даярлықтан өткен 10 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар мұнда медицина қызметкерлері мен полиция өкілдері де тұрақты жұмыс істейді.

 

Облыс әкімі қауіпсіздік инфрақұрылымының маңызын атап өтіп, Шипалы көлдің туризмді дамытудағы әлеуеті жоғары екенін айтты.

«Шипалы көлінің әлеуеті өте жоғары. Туристік аймаққа электр қуатын тарту жұмысын бастадық. Электр тартылған соң су да келеді. Бұл инвесторлардың демалыс орындарын салуына мүмкіндік ашады. Мұнда ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік көп. Өйткені көл суының емдік қасиеті мол. Сондықтан Шипалы көлдің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.

Инженерлік желілерді тарту және туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Шипалы көлдің инвестициялық тартымдылығы артып, өңірдегі ішкі және сыртқы туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік ашылады.