Сүйікті арнаға – шын жүректен алғыс!

Сүйікті арнаға – шын жүректен алғыс!

Семей телеарнасына – 60 жыл!
Бұл тек бір мекеменің ғана емес, тұтас өңірдің рухани тірегіне айналған қара шаңырақтың айтарлықтай белесі. Мен үшін бұл арна – жай ғана жұмыс орны емес, жастығымның куәсі, өмірлік мектебім, екінші үйім.

Осыдан тура 20 жылға жуық уақыт бұрын, жүрегімде жалын, жанымда жігер бар кезде мен осы ортаға келіп едім. Балаларым мектепте оқитын. Үлкен өмірдің қамы мен бала тәрбиесінің жүгін қатар арқалай жүріп, мен Семей телеарнасының қабырғасында еркін тыныстап, кәсіби маман, жан-жақты тұлға болып қалыптастым. Қазір, Құдайға шүкір, немере сүйіп отырған әжемін. Артқа қарасам, осы күндерге жеткізген өмірлік тәжірибемнің негізі – осы ұжымда қаланған екен. Айта кетерлігі, қызым да ана жолымен журналист атанды. SEMEI телеарнасында еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырды. 

Бүгінде еске алғанда қара шаңырақтағы қарбалас күндертәтті елестей болатын сәттер аз емес. Еліміз үшін маңызды оқиғаларда, таңнан түнге дейінгі түсірілімдер, аудандарға аттанып, түнделетіп қайтқан іссапарлар – бәрі-бәрі көз алдымда. Тіпті шаршадық дегенді ұмытып, тікелей эфирге дайындалатын едік. Себебі жүректе – адалдық, көңілде – сүйіспеншілік, бойда – жауапкершілік болатын. Сол қасиеттер бізді біріктіріп, мызғымас ұжымға айналдырды.Ұжым – үлкен мектеп. Мен бұл арнада көптеген тәжірибелі мамандардан тағылым алдым, бағыт-бағдар үйрендім. Өзім де кейінгі буынға білгенімді үйретіп, талай шәкірт тәрбиеледім. Журналистиканың ғана емес, адамгершілік пен адалдықтың да мектебі болды бұл орта.
Жаңалықтың соңында жүріп, қоғаммен тікелей байланысты сезіну, қалыптасқан таным мен азаматтық көзқарасты айқындау – осы арнада жүргенде бойыма дарыған қасиеттер.

Семей телеарнасы менің өмірлікжолсерігім. Бүгінде өмір өз арнасымен өтіп жатыр. Ақпарат саласынан аластаған жоқпын. Бірақ қайда жүрсем де, Семей телеарнасында алған тәлімім мен тәжірибем мені әрдайым дұрыс жолға бастап келеді. Бұл – қара шаңырақтың шынайы құдіреті. Оның жылуы, оның адам тәрбиелеудегі миссиясы ешқашан өшпек емес.

Семей телеарнасының ұлағатты ұжымына, бірге жүрген әріптестеріме – алғысым шексіз. Бірлесе еңбек еткен жылдар – менің өмірімдегі ең қымбат кезең. 60 жылдық мерейтой – үлкен жетістік, мақтаныш, рухани байлықтың символы. Сүйікті арнам, сенің әр жаңалығың, әр жетістігің – менің де қуанышым.

Семей телеарнасы – менің жүрегімнің төрінде. Сенде өткен жылдар – менің ғұмырымның алтын парақтары. Сен мәңгі жасай бер, жаңара бер, жаңа биіктерге жете бер!

Мерейтойың құтты болсын, сүйікті арнам!


#Семей, #Абай облысы, #Семей телеарнасы