Семей телеарнасына – 60 жыл: Ақпарат айдынындағы алтын арна

Семей телеарнасына – 60 жыл: Ақпарат айдынындағы алтын арна

Семейліктердің сүйікті арнасы – SEMEI телеарнасына биыл 60 жыл!
1965 жылдың 1 қыркүйегінде эфирге алғаш рет шыққан Семей телестудиясының хабары – сол кезеңдегі маңызды ақпараттық оқиға ғана емес, тұтас бір өңірдің рухани тынысын жеткізетін жаңа дәуірдің бастауы болды. Сол сәттен бастап, алпыс жыл бойы аймақтық арна халықпен бірге дамып, елдің ақпарат кеңістігінде өзіндік өрнегін қалыптастырып келеді.

Алғашқы қарапайым студиядан қазіргі заманғы цифрлық технологияға дейінгі жол – оңай болған жоқ. Дегенмен телеарна уақытпен үндескен үзіліссіз хабарлар таратуда алдыңғы қатардан көріне білді.

Осылайша SEMEI телеарнасы заман талабына сай өзгеріп, дамуды тоқтатқан емес. Бүгінде арна тәулігіне 14 сағат бойы үзіліссіз хабар таратады. Бұл тек техникалық көрсеткіш қана емес, журналистер мен шығармашылық ұжымның тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің көрінісі.

Көрермен сенімін басты жетістік деп білетін SEMEI телеарнасының басты құндылығы – өңір жұртшылығымен тығыз байланысы. Жергілікті мәселелерді дер кезінде көтеріп, қоғамдық пікірге қозғау сала білетін бағдарламалар, мәдени және тарихи жобалар, тікелей эфирдегі сұхбаттар – мұның бәрі көрерменнің сенімі мен құрметіне негіз болады.

Алпыс жыл ішінде арнада жүздеген журналист, режиссер, оператор мен диктор еңбек етті. Олардың әрқайсысы – осы арнаның шежіресіне өз қолтаңбасын қалдырған кәсіби мамандар.

Жаңашылдық пен шығармашылық ізденіс жолында SEMEI телеарнасы медиа-нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтап қана қоймай, оны үнемі арттырып келеді. Цифрлық форматқа көшу, интернет-платформалармен интеграция, әлеуметтік желілермен тығыз жұмыс – арнаның дамуға деген ұмтылысын білдіреді.

Сонымен қатар, шығармашылық ізденіс, жас мамандарға жол ашу, өңір тарихын тереңнен танытатын жобалар жасау – арнаның басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

SEMEI телеарнасының 60 жылдығы – бұл тек бір мекеменің ғана емес, тұтас өңірдің ақпараттық даму тарихының мерейтойы. Арнаның әрбір бағдарламасы – уақыт айнасындағы шындықтың, халықтың үні мен болмысын көрсететін рухани мұра.

Алда да SEMEI телеарнасы өз миссиясынан айнымай, шынайы ақпарат пен сапалы контент арқылы көрерменнің сенімін ақтай беретіні сөзсіз.

Мерейтой құтты болсын, SEMEI телеарнасы!
Алда әлі талай биіктер мен жаңа жетістіктер күтіп тұр!


#Семей, #Абай облысы, #Семей телеарнасы