Таза Қазақстан: Абай облысында «Эко мәдениет: Шоппер таңда!» акциясы өтті
Абай облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Эко мәдениет: Шоппер таңда!» акциясы тұрғындарды полиэтилен пакеттерден бас тартып, қайта пайдалануға болатын экологиялық шопперлерді қолдануға шақырды. Мамандардың айтуынша, бір адам жылына орта есеппен 300-ден 500-ге дейін полиэтилен пакет қолданады, ал олардың табиғатта ыдырау мерзімі 100 жылдан асады.

Акцияның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, полиэтилен пакеттерді тұтынуды азайту және экологиялық қауіпсіз балама – шопперлерді күнделікті өмірге енгізу. Бұл бастама әсіресе жастар мен қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Іс-шара барысында тұрғындарға полиэтилен пакеттердің қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы ақпарат беріліп, экологиялық шопперлердің артықшылықтары түсіндірілуде. Акция аясында елуден аса экологиялық шоппер таратылып, 100-ден астам тұрғынға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Бүгінде полиэтилен қалдықтары қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіруде. Бір ғана шопперді тұрақты пайдалану арқылы бір адам жылына жүздеген полиэтилен пакетті қолданудан бас тарта алады. Бұл – табиғатты қорғауға қосылған нақты үлес», – дейді акция ұйымдастырушыларының бірі Ануар Жазитов.

Сонымен қатар, акция барысында интерактивті кездесулер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындарға тұрақты тұтыну мәдениетінің маңызы жеткізілуде. Мұндай шаралар азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың күнделікті өмірдегі әдеттерін өзгертуге ықпал етеді.

Эколог мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған тонна тұрмыстық қалдық жиналады, оның едәуір бөлігін полиэтилен өнімдері құрайды. Ал қайта пайдаланылатын шопперлерді қолдану бұл көрсеткішті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
«Эко мәдениет: Шоппер таңда!» акциясы –экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай шаралар арқылы тұрғындар табиғатты қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдарын меңгереді. Бір қарағанда шағын қадам болып көрінетін шоппер қолдану –қоршаған ортаны қорғауға бағытталған үлкен өзгерістердің бастамасы.
#Абай облысы, #Акция, #"Таза Қазақстан" акциясы