Семейде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Семейде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Семей қаласында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік басқосуға қала әкімі Әділет  Қожанбаев, ақпарат саласының ардагерлері, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер қатысты.

Жиын барысында қала әкімі кәсіби мерекеге орай журналистер қауымын құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөліне ерекше тоқталды. Ол бүгінгі ақпарат кеңістігінде шынайы әрі нақты ақпарат таратудың маңызын атап өтіп, журналистердің билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналғанын айтты.

– Қазіргі ақпарат майданындағы күрделі кезеңде ақиқат пен дәлдіктен айнымай, қоғамның сеніміне ие болып жүрген қаламгерлер мен сала мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз қоғамдағы ашықтықты нығайтып, тұрғындардың сенімді ақпарат алуына зор үлес қосып келеді. Бүгінде Алаштың астанасы – Семейдің медиа кеңістігінде 40-тан астам бұқаралық ақпарат құралы тұрақты жұмыс істейді. Бұл – өңірдегі ақпарат саласының қарқынды дамуының айқын дәлелі. Сондай-ақ қазақ журналистикасының үздік дәстүрін қалыптастырып, кейінгі буынға мол тәжірибесін мирас етіп келе жатқан сала ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін, – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Салтанатты шара барысында ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар журналистер мен БАҚ қызметкерлері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 

Мерекелік кештің көркін «Ұмытылмас күн» шығармашылық бірлестігінің өнерпаздары қыздырып, әсем әндерімен жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара кәсіби мерекенің мән-маңызын айшықтап қана қоймай, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.


#Семей, #мереке, #БАҚ