Шілде айының алғашқы екі аптасында Абай облысында аптап ыстықтың әсерінен жедел медициналық жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны көбейді.
Облыстық 103 жедел медициналық жәрдем қызметінің мәліметінше, аталған кезеңде диспетчерлік пультке жалпы саны 12 091 шақырту түскен. Оның ішінде 1 209 шақырту артериялық қан қысымының жоғарылауына, 603 шақырту жүрек-қан тамырлары жүйесінің басқа да ауруларына байланысты тіркелген.
Мамандардың айтуынша, жоғары ауа температурасы адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп, ыстық соғуы, сусыздану және созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Есепті кезеңде өңірде ыстық соғуының үш жағдайы тіркелді. Бұл – дене қызуының 40 градус Цельсийден жоғары көтерілуімен сипатталатын, адам өміріне қауіп төндіретін жағдай. Оның негізгі белгілері – сананың шатасуы, есінен тану және құрысу.
Сондай-ақ аптап ыстық салдарынан ағза көп мөлшерде сұйықтық пен электролиттерді жоғалтып, сусыздану қаупі артады. Оның белгілеріне қатты шөлдеу, ауыздың құрғауы, бас ауруы, әлсіздік, бас айналу және зәрдің азаюы жатады.
Ыстық ауа райында жедел ішек инфекцияларының таралу қаупі де жоғарылайды. Осы себеппен жедел медициналық жәрдем қызметіне 207 шақырту тіркелген.
Дәрігерлердің мәліметінше, егде жастағы адамдар, нәрестелер мен ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар, сондай-ақ ашық аспан астында еңбек ететіндер қауіп-қатері жоғары топқа жатады.
Осыған байланысты медицина қызметкерлері тұрғындарға жеткілікті мөлшерде су ішуге, күннің ең ыстық уақытында ашық күн астында ұзақ болмауға, табиғи матадан тігілген жеңіл киім мен бас киім киюге және өз денсаулығы мен жақындарының жағдайын жіті бақылауға кеңес береді.






