АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖАРМА АУДАНЫНЫҢ АУЫЛДАРЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖАРМА АУДАНЫНЫҢ АУЫЛДАРЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін ҚР Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Жарма ауданына жұмыс сапарымен барып, Қоңырбиік, Кіші Қарасу және Салқынтөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Кездесулер барысында тұрғындар өз ауылдарындағы өзекті әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылымдық түйткілдерді көтеріп, нақты ұсыныстарын білдірді.

Қоңырбиік ауылында интернет желісін тарту, медициналық пункт ашу және оны білікті дәрігермен қамтамасыз ету, жедел-жәрдем көлігін бөлу, ауыл мектебін сақтап қалу және мектеп жанынан спортзал салу, сондай-ақ ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Кіші Қарасу ауылының тұрғындары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға жеңілдіктер беру, әйелдердің зейнет жасын төмендету, медициналық қызмет сапасын арттыру, жедел-жәрдем көлігімен қамту, сапалы интернет жеткізу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, ауылішілік жолдарды жөндеу және мектепке спортзал қажеттілігі туралы ұсыныстарын айтты.

Ауылішілік жолдар мәселесіне жеке тоқталған тұрғындар, қазіргі таңда ауылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 9,2 шақырым екенін, оның ішінде тек 1,8 шақырымы (19,6%) жақсы жағдайда екенін, ал қалған 7,4 шақырымы (80,4%) қанағаттанарлық күйде екенін жеткізді. Жолдарды жөндеу – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі ретінде айтылды.

Кіші Қарасу ауылы 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, су құбыры желісінің ұзындығы – 11 шақырым. Ал Қоңырбиік ауылында блок-модульді станция (БМС) орнатылған. Тұрғындардың айтуынша, бұл – шалғай ауылдар үшін сапалы ауыз су жеткізудің тиімді шешімі. Бұрын таза суға қол жеткізу қиын болса, бүгінде әр үйге тұрақты әрі сапалы су келіп тұр. Ауыл тұрғындары мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Салқынтөбе ауылында да жолдарды жөндеу, көше жарығын орнату, тұрғын үй салуға жағдай жасау, уақыт белдеуін өзгерту, мектепке спортзал салу, азық-түлік бағасын бақылау және электр желілерін жаңарту мәселелері көтерілді.

Кездесу қорытындысында Нұртай Сабильянов тұрғындардың әрбір ұсынысы назарға алынатынын атап өтті:

«Ауыл – елдің тірегі. Сондықтан ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімді болуы, сапалы білім беру және тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру – біздің басты міндетіміз. Көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Жолданған ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарап, нақты шешу жолдарын қарастырамыз», – деді депутат.

Сапар аясында айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жолданатын болады.


#депутат, #Нұртай Сабильянов, #Жарма ауданы