Жаңа Қазақстан – Жаңа тағайындаулар – Жаңа мүмкіндіктер
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында маңызды құжаттың мән-маңызының айрықша екендігін, оның бір жылмен шектелмейтінін және ауқымы кең, мазмұны да бөлектігін айтқан болатын. Сондай – ақ Жаңа Қазақстанды құруға өздеріңізбен бірге кірістік,-деген еді. Содан бері 3 жыл өтті. Жолдауда айтылған тапсырмалар мүлтіксіз орындалып жатты. Әлі де орындалуда. Соның бірі, Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы ұсынысы болды.
Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз,-деді.
Халық өлгені тіріліп келгендей бөркін көкке атып, шүйіншілеп қатты қуанды. Ширек ғасыр ШҚО-на телміріп келген Семей өңірі бостандыққа шыққандай күй кешті. Ендігі мәселе – облыс әкімінің тағайындалуында еді. Ол туралы үш айға жуық уақытта талай алып-қашпа әңгіме, жел сөздер жүйткіді. Халықтың кімді әкімдіктен көргісі келмеді дейсіз? Әйтеуір, талай адамның тағдыры талқыға түсті. Алайда 11 маусым күні Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеудің қатысуымен, Абай облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиналысы өтіп, көпшілік дауыспен Нұрлан Ұранхаев сайланып, Президент Жарлығымен Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Содан бері 3 жылға жуық уақыт өтті. Жаңадан құрылған өңірдің өзекті мәселелері жетерлік еді. Тыңнан түрен салудың оңай шару емес екені белгілі. Дегенмен Семейдің тумасы Нұрлан Ұранхаев түйткілді деген көптеген мәселенің түйінін тарқатып, шешілуіне атсалысты. Шешімін күткендері де баршылық. Сондықтан облыс басшысы жұмысының нақты бағасын өңір тұрғындары бере жатар.

2025 жылы 14 ақпанда Абай облысы құрылған сәттен аймақты басқарған Нұрлан Тельманұлы Ұранқаевты Мемлекет басшысы қызметінен босатты. Сол сәттен бастап, жаңа тағайындау туралы алып-қашпа әңгіме ел ішінде желдей есті. Халықтың аузындағы тізімде кім жоқ дейсіз? Екі күнгі демалыста халықтың дегбірі кетті. Әлеуметтік желілерде маза болмады. Ел елеңдеп, құлақ түріп отырды, Сонымен көптен күткен дүйсенбі, 17 ақпан да келіп жетті. Алайда тек түстен кейін ғана облыс басшысы белгілі болды. Әрине, тағайындау Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылғандай, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту мақсатында, жаңа тәртіп бойынша өткізілді. Осылайша, облыс әкімі мәслихаттарда қарау нәтижесінде тағайындалды. Нәтижесінде өңір басшысы жанама сайлау арқылы қызметке келді. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдық ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Абай облыстық мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Депутаттарға Абай облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Абай облысы Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевті ұсыну туралы Мемлекет басшысының хаты оқылды. Ашық дауыс беру қорытындысында 126 депутаттың 102-сі Берік Уәлидің кандидатурасына дауыс берсе, Болат Әбдіралиевтің кандидатурасын 24 депутат жақтаған. ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды.
Олай болса, Абай облысына жаңа әкімнің тағайындалуы – Жаңа Қазақстанның жаңа қадамдарының бірі десе болады.
Президент Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн,-деген болатын.
Осы ретте Абай облысы тумасының аймаққа басшы болғаны көңілге қуаныш ұялатып, үмітіңді үкілей түседі.
Өмірбаянына тоқталсақ,
Берік Уәли 1977 жылы Семей облысында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» (магистратура), сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телекомпаниясында «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған. 1998-1999 жылдары – «НТК» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының шығарушы редакторы. 2000-2007 жылдары – «31 канал» телерадиокомпаниясында» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының бас редакторы, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Дода» саяси ток-шоуының бас редакторы әрі жүргізушісі.
2007-2012 жылдары – «Хабар» Агенттігі» АҚ Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы жаңалықтар қызметінің тілшісі, «Бетпе-бет» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі.
2009-2012 жылдары – «Нұр Отан» партиясы «Нұр-Медиа» ЖШС Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының басшысы.
2012-2015 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің жетекшісі, Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы.
2015-2016 жылдары – «Нұр-Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі.
2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры.
2017-2018 жылдары – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «1-студия» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі.
2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.
2022-2023 жылдары – «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы.
2023 жылғы 12 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2011), «Парасат» (2024), «Құрмет» (2019) ордендерінің, ҚР Президенті Алғысының (2021), ҚР Президенті Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің (2022) және 5 мерекелік медальдің иегері.
Ақпараттық салада өзін жоғары деңгейде танытып, қоғамдық өмірге маңызды үлес қосып жүрген Берік Уәли мырзаға Президенттің сенім танытуының жауабын осы Жолдаудан табуға болады.
Мемлекет басшысы айтқандай, мұның барлығы халыққа қажетті реформалар арқылы жүзеге асуда. Саяси жаңғырусыз өзгеріс жасау мүмкін емес. Олай болса, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістерді қолдап, Жаңа Қазақстанмен бірге болашаққа қарыштап қадам басайық! Бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын!
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Нұрлан Ұранхаев, #Берік Уәли