Қоғам 48 қаралымabaidan.kz

Жаңасемей: жаңа ауданның жаңа мүмкіндіктері

Жаңасемей: жаңа ауданның жаңа мүмкіндіктері

Жаңасемей ауданы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар, әлеуеті жоғары аумақтардың бірі. Жаңа ауданның қалыптасуымен қатар, оның экономикалық негізін нығайту, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі атап өткендей, бүгінгі таңда барлық жұмыстың басты бағдары – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді жергілікті жерде нақты жүзеге асыру.

«Президент Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды кеңінен енгізу, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, жер ресурстарын тиімді пайдалану, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды. Бұл міндеттер Жаңасемей ауданы үшін де аса өзекті. Өйткені ауданның экономикалық әлеуеті ең алдымен ауыл шаруашылығына, жер ресурстарына, инфрақұрылымға және елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты», – деді аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов.

Ауданның әлеуметтік және демографиялық дамуына бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындар саны азайған ауылдарға көпбалалы отбасыларды қоныстандыру, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және ауылдардағы бос жұмыс орындарына қажетті мамандарды тарту.

Жоба аясында мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған ерікті қоныс аудару тетіктері де қамтылған.

2026 жылға облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 50 отбасы белгіленсе, бүгінгі таңда жоспар толық орындалып, ауданға 51 отбасы, яғни 151 адам қоныс аударды. Оның 35 отбасы Семей қаласынан, 16 отбасы басқа өңірлерден келген.

Бұл – ауылдардың демографиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Жаңасемей ауданының экономикасында оң динамика қалыптасқан.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 184,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,7 пайыз болды.

Инвестициялар көлемі 20 пайызға өсіп, 18,3 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,5 млрд теңгеге жетті.

Аудан бюджеті де ұлғайып, 2026 жылы 4,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120,7 пайызға жоғары.

Аудан әкімі экономикалық көрсеткіштерді тек статистикалық нәтиже ретінде емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін нақты өзгерістерге айналдыру қажеттігін атап өтті.

«Бұл көрсеткіштер ауданның экономикалық әлеуеті қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы оң динамиканы сақтап қана қоймай, оны нақты әлеуметтік нәтижелерге айналдыру», – деді аудан әкімі.

Жаңасемей үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі бағыттарының бірі.

2024–2028 жылдарға белгіленген міндеттерге сәйкес ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту көзделген. Осы мақсатта егіс алқаптарын әртараптандыру, техника паркін жаңарту, мал басын көбейту және өндіріс көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Биыл аудан бойынша егін жинау науқаны жалғасуда. Дәнді дақылдар, картоп және көкөніс-бақша өнімдерін жинау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы 20 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жалпы құны 424,7 млн теңге болатын 32 бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алды.

Алдағы жылдары суармалы егістік көлемін арттыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылмақ. «Жерновское», «Агрофирма Приречное», «Агрофирма Абай Агро», «Altay Grain Elevator», «RB Plus» секілді кәсіпорындар суармалы егіншілікті дамыту жоспарларын ұсынып отыр.

Мәселен, «RB PLUS» ЖШС 2027–2029 жылдары құны 1,6 млрд теңге болатын суару технологияларын енгізу жобасын іске асыруды жоспарлауда. Ал «Altay Grain Elevator» ЖШС 2027–2028 жылдары құны 1,4 млрд теңге болатын тамшылатып суару арқылы жүгері мен кондитерлік күнбағыс өсіру жобасын қолға алмақ.

Шикізат емес, дайын өнім өндіру қажет

Аудан басшылығы ауыл шаруашылығын дамытуда тек шикізат өндірумен шектелмей, өнімді өңдеу, сақтау және дайын өнім шығаруға басымдық беруді көздейді.

Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан ет комбинаты. Жобаның жалпы құны 7,7 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 11 400 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Eurasia Feedlot» ЖШС Приречное ауылында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын, «Nomad Agro RK» ЖШС 10 мың бас асыл тұқымды қой өсіру жобасын, ал «Semey Agro Holding» ЖШС Көкентау ауылдық округінде 1500 басқа арналған мал өсіру және бордақылау кешенін іске асыруды жоспарлап отыр.

«Біздің мақсатымыз тек шикізат өндірумен шектелмеуі тиіс. Өнімді өңдеу, сақтау және дайын өнім шығару көлемін арттыру қажет. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті өндірісті дамытуға және аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов.

Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауда «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор.

Бағдарлама аясында жалпы құны 136,9 млн теңге болатын 8 жоба қаржыландырылды.

Достық ауылдық округінде 56,6 млн теңгеге екі жоба, Көкентау ауылдық округінде 48,8 млн теңгеге үш жоба, Қараөлең ауылдық округінде 31,6 млн теңгеге үш жоба жүзеге асырылуда. Жобалар негізінен сүт және ет өнімдерін өңдеу, жартылай фабрикаттар, қымыз және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және жергілікті жерде шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Ауданның экономикалық әлеуетін арттыруда жер ресурстарын тиімді пайдалану айрықша маңызға ие.

2026 жылы пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 12,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жылдық жоспардың 90,7 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін жоспарды толық орындау көзделіп отыр. Жалпы аудан құрылғаннан бері 30,1 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған.

Сонымен қатар Үкіметтің 2026 жылғы 11 сәуірдегі №258 қаулысына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны жерлерінің 473,5 мың гектары Жаңасемей ауданының қордағы жерлеріне берілді.

«Қайтарылған жерлерді нақты айналымға енгізіп, ауыл шаруашылығы өндірісін, жұмыспен қамтуды және инвестиция тартуды қамтамасыз етуге басымдық береміз», – деді аудан әкімі.

Жаңасемей ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жалғасуда.

2026 жылы «Отбасы банк» АҚ-мен жасалған келісім негізінде 29 пәтердің кілті тұрғындарға табысталды. Коммуналдық меншіктегі қалған 33 бос пәтерді тұрғындарға бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аудан аумағында 10 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Үйлер Достық ауылдық округінің Шақаман ауылында, Ертіс ауылдық округінің Мұқыр ауылында және Прииртыш ауылында салынып жатыр.

Қазіргі уақытта 32 елді мекеннің 27-сі сумен жабдықталған. Талица ауылындағы су құбыры желісінің құрылысы аяқталып, тұрғын үйлерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Приречное ауылында су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Шақаман ауылындағы ауыз су мәселесін шешу де ерекше бақылауда. Қолданыстағы су құбыры желілерін реконструкциялау жобасына түзету жұмыстары жүргізіліп, жоба кешенді сараптамаға тапсырылды.

«Тұрғындарды тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде», – деді аудан әкімі.

Аудан тұрғындары үшін күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін жол, көше жарығы және абаттандыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мұздыбай ауылына кіреберіс жолдың үш шақырымдық бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Талица мен Шаған ауылдарындағы көше жолдарына қиыршық тас төсеу және тегістеу жұмыстары да жүргізілді.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 50 млн теңге қарастырылған.

Ауданда барлығы 190 көше болса, оның 100-і жарықтандырылған. Көшелерді жарықтандыру деңгейі 52,6 пайызды құрайды. Көкентау және Ертіс ауылдық округтеріндегі бірқатар көшелерді жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға өтінімдер берілді.

Абаттандыруға да елеулі қаражат бағытталды. Жалпы 298,8 млн теңге бөлініп, саябақтарды, спорт және ойын алаңдарын, тротуарлар мен басқа да қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары қолға алынды.

Мемлекет басшысы айқындаған цифрлық трансформация міндеттері Жаңасемей үшін де маңызды.

Аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 96 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 75-і орталықтандырылған желілік бейнебақылау жүйесіне қосылған.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шалғай елді мекендердегі арнайы орындарға күн сәулесімен жұмыс істейтін 18 автономды бейнебақылау камерасы орнатылды.

«Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясында алты антенна-діңгекке жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, олардың бесеуі бойынша кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Каштак, Талица және Гранитный ауылдарында жергілікті бюджет қаражаты есебінен антенна-діңгектер орнатылып, электр желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Алдағы уақытта цифрлық технологияларды тек байланыс саласында ғана емес, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару жүйесінде де тиімді пайдалануға басымдық береміз», – деді аудан әкімі.

Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Жиеналы ауылдық округінің Бөкенші ауылындағы өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді.

Көкентау ауылындағы өрт сөндіру бекетіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Абралы ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды. Алғабас ауылында құрылыс материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Қараөлең ауылындағы өрт сөндіру бекеті өткен жылы пайдалануға берілген. Озерки, Ақбұлақ және Айнабұлақ ауылдарындағы бекеттердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту 2027 жылға жоспарланған.

Әлеуметтік бағыт – жұмыстың түпкі нәтижесі

Экономикалық көрсеткіштердің басты нәтижесі – халықтың тұрмыс сапасынан көрінуі тиіс.

Аудан әкімінің айтуынша, осы себепті жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салалары тұрақты бақылауда.

Ауданда 17 мектеп жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілді.

«Балалар-жасөспірімдер шығармашылық үйінде» жөндеу жұмыстары аяқталып, Қазақстан халқына қорының қолдауымен сегіз кабинет жаңартылды. Сонымен қатар аудан құрылғаннан бері бес жекеменшік балабақша ашылды, оның екеуі биыл пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау саласында 14 дәрігерлік амбулатория бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аталған нысандардың сыртқы инженерлік желілерін жобалауға жергілікті бюджеттен 42 млн теңге бөлінді.

Спорт саласында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Ауданда екі мәдениет үйі мен 11 ауылдық клуб тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Жыл басынан бері 1351-ден астам мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 47 мыңнан астам адам қамтылды.

Жұмыспен қамту – басты көрсеткіш

Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

2026 жылы аудан бойынша 331 жұмыс орнын ашу жоспарланса, нақты көрсеткіш 339 жұмыс орнына жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыздан аспайды.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бес азаматқа қайтарымсыз грант берілді.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, мүгедектігі бар тұрғындарды қажетті әлеуметтік және техникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 303 мүгедектігі бар азамат тұрады. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 15 әлеуметтік қызметкер 151 адамға қызмет көрсетуде.

Жаңасемей – жаңа аудан. Сондықтан оның алдында тұрған міндеттер де ауқымды.

Экономиканы дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, инвестиция тарту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу – барлығы бір мақсатқа, яғни тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Аудан әкімі алдағы кезеңдегі жұмыстың негізгі бағыты нақты нәтижеге негізделетінін атап өтті.

«Жаңасемей – жаңа аудан. Сондықтан алдымызда атқаратын жұмыс көлемі әлі де ауқымды. Біз үшін ең басты өлшем – атқарылған жұмыстың саны емес, оның тұрғындарға берген нақты нәтижесі. Әрбір жоба, әрбір инвестиция, әрбір қабылданған шешім ауылдың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына қызмет етуі тиіс», – деді аудан әкімі.

Бүгінде Жаңасемейдің қалыптасу кезеңі нақты істермен сабақтасып келеді. Ауыл шаруашылығынан бастап цифрландыруға дейінгі әр бағытта қолға алынған жобалар ауданның болашақ даму негізін қалыптастыруда.

Алдағы міндет – осы жұмысты жүйелі жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және Жаңасемейді әлеуметтік тұрғыдан жайлы, экономикалық тұрғыдан орнықты, тұрғындары үшін болашағы зор ауданға айналдыру.