Жас кадрлардың әлеуетін дамыту – басты мақсат
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке орналасудағы артық кедергілерді жою бойынша тапсырмасы шеңберінде соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесіне білікті кадрлар мен дарындарды тартуға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылуда.
Осы реформалар аясында Абай облысында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру бағытында да маңызды қадамдар жүргізілуде. Бүгінгі күні жеке және квазимемлекеттік секторда жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі мамандар мемлекеттік қызметке қабылданып, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшы лауазымдарына тағайындалды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл тағайындаулар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен, үміткерлердің білім деңгейі мен кәсіби тәжірибесіне толық сәйкестігі негізінде, конкурс өткізілместен жүзеге асырылды.
Аталған шешімнің басты мақсаты – өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, заманауи басқару тәсілдерін енгізу және тиімді кадрлық саясат арқылы мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасын арттыру.
2025 жылдың өткен кезеңінде Абай облысының мемлекеттік органдарында конкурстық іріктеусіз 13 басшы тағайындалды. Оның ішінде 9-ы жергілікті атқарушы органдарда болса, 3-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде. Оның ішінде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына Бейсенбаев Олжас Түсіпбекұлы тағайындалып, өз жұмысын бастап, өңірдегі жастар саясатына қатысты жаңа бастамалар мен жобаларды іске асыруда. Олжас Түсіпбекұлы жастардың әлеуметтік, мәдени және кәсіби дамуына бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруды жоспарлап, квазимемлекеттік сектордағы тәжірибесін қолдана отырып, басқарманың жұмысын тиімді түрде ұйымдастыруда.
Мемлекеттік қызметке келген жаңа басшылардың барлығы өз саласында жетекші тәжірибеге ие, нәтижеге бағытталған, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға дайын мамандар. Олар қоғам мен бизнес арасындағы өзара сенімді нығайтып, мемлекеттік басқаруға инновациялық көзқарас пен жаңа серпін әкеледі деп күтілуде.
Абай облысындағы өзгерістер өңірдің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және ашық, тиімді мемлекеттік басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.