Конституция 53 қаралымabaidan.kz

Конституция – адамға бағдарланған мемлекеттің берік негізі

Конституция – адамға бағдарланған мемлекеттің берік негізі

Жаңа Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды жетілдіруге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және мемлекеттік басқарудың жаңа моделін орнықтыруға бағытталған маңызды құжат.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Абай облысы бойынша филиалының директоры Алуа Сабалақова атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа Ата заңның басты ерекшелігі – адамға бағдарланған сипатында.
«Адам басқару объектісі емес, басқару субъектісі ретінде мемлекеттік-құқықтық құрылымдар мен институттардан жоғары, оларды қалыптастырушы негіз ретінде институционалдық деңгейге қойылды», – дейді Алуа Сабалақова.
Жаңа Конституцияның негізгі философиясы – мемлекет пен мемлекеттік институттардың басты мақсаты азаматқа қызмет ету, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау және өз әлеуетін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау.
Ата заңда адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіліп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа кепілдіктері қарастырылған. Соның ішінде цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауға қатысты конституциялық кепілдіктердің маңызы ерекше.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституция мемлекеттік биліктің құрылымын ғана айқындайтын құқықтық құжат емес. Ол азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін белгілейтін негізгі қоғамдық келісім ретінде көрінеді.
Конституциялық қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесіне де тікелей әсер етеді. Бүгінде мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін қабылданған шешімдердің немесе көрсетілген мемлекеттік қызметтердің санымен ғана бағалау жеткіліксіз.
Мемлекеттік басқарудың сапасы ең алдымен оның азаматтардың күнделікті өміріне тигізген оң әсерімен, құқықтарының қаншалықты қорғалуымен және мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейімен өлшенуге тиіс.
Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілерге де жаңа талаптар қояды. Заң талаптарын білу жеткіліксіз. Мемлекеттік қызметші азаматтың қажеттілігін түсініп, оның құқықтары мен заңды мүдделерін басты назарда ұстауы қажет.
Жаңа Конституцияда Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына, ұлттық бірегейлігіне, егемендігі мен тәуелсіздігіне ерекше мән берілген.
Ата заңда бекітілген қағидаттардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде – орталық мемлекеттік органдардан бастап жергілікті атқарушы құрылымдарға дейін нақты көрініс табуы маңызды.
Жаңа конституциялық кезеңде құқық пен бостандықты қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту, білім мен ғылымға басымдық беру, сондай-ақ цифрлық және экологиялық құқықтарды қорғау негізгі бағыттардың бірі болмақ.
Ата заңның басты құндылығы – мемлекеттің дамуындағы адам факторын алдыңғы орынға шығаруында.
Конституцияның өміршеңдігі оның баптары мен нормаларында ғана емес, сол нормалардың қоғам өмірінде қаншалықты жүзеге асатынында. Азаматтың құқығы қорғалып, заң үстемдігі қамтамасыз етіліп, мемлекет адамға қызмет ететін қоғам қалыптастыру – жаңа конституциялық кезеңнің негізгі мәні.