Жазғы демалысын еңбекпен ұштастырған Абай облысының 1 004 жасы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамында жұмыс істеді. Жастар елді мекендерді тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинады. Абай облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының биылғы маусымы нәтижелі өтті. Үш ай ішінде 1 004 жас уақытша жұмыспен қамтылды. Оның ішінде маусымда – 407, шілдеде – 458, тамызда 139 жас еңбек етті. Жастарды жұмысқа тартуға облыстағы 12 жұмыс беруші қатысты.Жоба аясында жастар көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және елді мекендерді күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылды.

Алғашқы жұмыс – үлкен тәжірибе
«Жасыл ел» көптеген жас үшін алғашқы ресми жұмыс орнына айналды. Мұнда олар жұмыс тәртібін сақтауды, тапсырманы уақытында орындауды, ұжыммен жұмыс істеуді және еңбек қауіпсіздігі талаптарын үйренді. Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсембаевтың айтуынша, алғашқы еңбек тәжірибесі жас адамның қалыптасуына тікелей әсер етеді.
«Жас адамның өз еңбегімен тапқан алғашқы табысы, еңбек тәртібі мен жауапкершілікті сезінуі – кейінгі өміріне қажетті маңызды сабақ. Сондықтан жастарға жұмыс істеп, өз күшін сынауға мүмкіндік берудің маңызы зор», – дейді ол.
Жобаға қатысушыларға биыл 85 мың теңге көлемінде еңбекақы қарастырылып, оған 35 394 теңге қосымша есептелді. Жалпы есептелетін сома – 120 394 теңге. Заңнамаға сәйкес міндетті салықтар мен аударымдар ұсталады.
Аягөз аудандық «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Рақыш Медетжан үшін бұл жоба еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал еткен.
«Жұмыс барысында адамдармен тіл табысуды үйренесің, жаңа достар табасың. Ең бастысы, өз қолыңмен тапқан ақшаңның қадірін түсінесің. «Жасыл елде» жұмыс істеп жүріп, еңбек ету тек ақша табу емес, жауапкершілік пен тәжірибе жинау екенін түсіндім», – дейді ол.
Таза орта – ортақ жауапкершілік
Жастардың еңбегі елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне де әсер етті. Өз қолымен тазалаған, көгалдандырған аумаққа жанашырлықпен қараған жас қоршаған ортаға жауапкершілікті ертерек сезінеді.

Осы тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» жастарды жұмыспен қамтумен қатар, олардың экологиялық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарымен де үндеседі. Жастардың қауіпсіздігіне де басымдық берілді. Қатысушылар арнайы киіммен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жұмыс басталар алдында қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтан өтті.
«Жасыл елдің» басты нәтижесі – тек атқарылған жұмыс пен төленген жалақы емес. Мыңнан астам жас еңбек тәртібін меңгеріп, жауапкершілік алып, туған жерінің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосты. Бұл – олардың болашақ кәсіби жолына жасалған алғашқы қадам.





