Мәдениет 44 қаралымabaidan.kz

Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Семейде белгілі жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.

«Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» тақырыбындағы алқалы жиын Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Халықаралық конференцияға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан келген әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері және жас зерттеушілер қатысты. Ғылыми басқосуда Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен ұлттық руханиятына қосқан үлесі, шығармашылық мұрасы мен ғылыми-зерттеу еңбектері кеңінен талқыланды.

Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли мерейтой иесінің ұлттық ғылым мен руханиятты дамытудағы айрықша еңбегіне тоқталды.

«Елу жылдан астам ғұмырын ғылымға, ұлттық сананы жаңғыртуға, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын толтыруға арнаған абыз қаламгер, біртуар ғалым, қабырғалы қайраткер Тұрсын ағамыз Кеңес одағы заманынан бастап сол кезеңде қауіпті тақырып саналатын Алаш тарихын зерттеп, Алаштану ғылымының негізін салған ғалымдардың біріне айналды», – деді облыс әкімі.

Берік Уәлидің айтуынша, профессор Тұрсын Жұртбайдың ғылыми еңбектері бірнеше буынның тарихи санасы мен азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Ғалымның тұлғатану, тарихнама, абайтану, алаштану және әуезовтану бағыттарындағы ізденістері ұлттық ғылымның құнды мұрасына айналып отыр.

«Профессор Тұрсын Жұртбайдың зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбегі – тұлғатану мен тарихнаманың алтын қоры десек, асылық айтқандық болмас еді. Ғалымның көпжылдық ізденісін тұтас әрі жүйелі концепция ретінде қарастыру оның шығармашылық зертханасын терең түсінуге мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

Жиын барысында Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеттануы, абайтану, алаштану және әуезовтану ғылымдарының дамуына қосқан үлесі жан-жақты сараланды. Сондай-ақ қаламгердің шығармашылық даралығы, көркемдік ізденістері мен ғылыми мұрасының қазіргі әдебиеттану үшін маңызы сөз болды.

Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, Өзбекстан Республикасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің бас ғылыми қызметкері Бахром Ырзаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айгүл Рамазан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессорлары Жансая Жарылғап пен Шәкәрім университетінің профессоры Бауыржан Ердембеков баяндама жасап, ғалым шығармашылығының түрлі қырларына тоқталды.

Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

Халықаралық конференцияда мерейтой иесі Тұрсын Жұртбай да сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Осы уақытқа дейін менің атыммен 134 кітабым жарық көріпті. Бүгін, осы конференцияда солардың ішіндегі ойларымды, айтылған сөздерді сіздер талқыға салдыңыздар. Үлкен қауым біледі. Жастардың алдағы уақытта қаперінде болар деп ойлаймын», – деді қаламгер.

Ғалым өзіне көрсетілген құрметті туған елдің ықыласы деп бағалап, конференцияға қатысқан барша азаматқа алғысын жеткізді. Мерейтойлық шара аясында Тұрсын Жұртбайдың «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» атты жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл еңбектер қаламгердің ұлттық тарих, әдебиет және тұлғатану бағытындағы ұзақ жылғы ізденістерінің жалғасы ретінде таныстырылды. Сондай-ақ Шәкәрім университетінің бес студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы арнайы стипендия тағайындалып, сертификаттары табысталды. Бұл бастама ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасын кейінгі буынға насихаттап, жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған маңызды қадам болды. Мерейтойлық шаралар мұнымен шектелмейді. Семей қаласында Тұрсын Жұртбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылса, Абай музейінде «Алаштың алып тұлғасы» атты әдеби кеш өтеді. Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдығына арналған халықаралық конференция – ғалымның саналы ғұмырын ұлт ғылымына, әдебиетіне, тарихы мен руханиятына арнаған еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі. Семей төрінде өткен бұл тағылымды жиын көрнекті қаламгердің ғылыми мұрасын зерделеп қана қоймай, оның идеяларын жас ұрпаққа жеткізуге жол ашқан маңызды рухани басқосу болды.