Жол сапасы қатаң бақылауға алынады
Үкімет отырысында жол құрылысындағы жұмыс сапасы, қолданылып жатқан технологиялар мен жергілікті қамту үлесі қаралды. Премьер-Министрге жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізіп жатқан жұмыстар туралы баяндалды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі primeminister.kz сілтеме жасап.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, биыл жүргізілген сараптама барысында жұмыс жүргізу технологиясының 1,9 мың кемшілігі анықталып, 621 ақау жойылған.
«Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған 20 филиалы бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Бұл жүйе ақауларды алдын ала анықтау және уақтылы жою мақсатында, жүргізілетін жұмыстардың сапасына жауапты барлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды», — деп мәлімдеді орталық басшысы.
Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Жұмыс сапасын арттыру мақсатында кәсіпорын бірқатар іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Биылғы жылдың басты оқиғасы құрылыс маусымы басталғанға дейін Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізілген асфальтбетон зауыттарының ауқымды инспекциясы.
«Тексеріс 382 асфальтбетон зауытын қамтыды, оның ішінде 109 зауыт әзірленген ұсынымдарға толық сәйкес деп танылды. Қалған 273 асфальтбетон зауыттары үшін талаптарға сай болу үшін ұсыныстар берілді, олардың 127-сі бүгінде оны орындап, шығарылатын өнімнің сапасын арттыру бойынша іс-шаралар өткізді. Инспекция қорытындысы барлық өңірлердің назарына ұсынылды. Мұндай тексерулер жыл сайын құрылыс маусымы қарсаңында жүргізілетін болады», — деді Болатбек Айтпаев.
Бұл тұрғыда адами фактордың жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеру нәтижелеріне әсерін азайту үшін кәсіпорын автоматтандырылған бақылау жүйелерін белсенді енгізуде. Енді сынақ жабдықтарынан алынған деректер тікелей «КазРоудЛаб» бірыңғай цифрлық платформасына жіберіледі. Бұл шешім ақпараттың бұрмалану мүмкіндігін болдырмай, материалдардың сапасын бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жүйе 4 облыста жұмыс істеп тұр, ал оны толық енгізу 2025 жылға жоспарланған.
«Сонымен қатар кәсіпорын «Олимп» медициналық зертханаларына ұқсас, материалдар сынамаларын штрих-кодтау әдісін енгізді. Аталған тәсілмен сынамалар зертханаларға нақты бір объектіге тіркелмей жеткізіледі, бұл сынақтарды жүргізу кезінде біржақтылықтың алдын алады. Штрих-кодтың арқасында сынаманы жолдан алған сәтінен бастап, қорытынды хаттама алуға дейінгі барлық мәліметтерді көруге болады», — деп мәлімдеді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Б. Айтбаев.
Қазіргі таңда автожолдарды орташа жөндеу жұмыстарды бақылау процесін күшейту мақсатында атқарушылық құжаттаманы жүргізудің электрондық жүйесі әзірленуде. Е-құрылыс жүйесімен ұқсастығы бар, бұл жүйе, барлық атқарушылық құжаттаманы және материалдарды сынау хаттамаларын біріңғай орталықта сақтауға мүмкіндік береді. Жүйенің маңызды ерекшелігі барлық талап етілетін рәсімдерді сақтамай орындалған жұмыс актілеріне қол қою мүмкін емес.
Осы жылдың алғашқы 6 айында республикалық желі объектілері сапа сараптамасымен 100% қамтылды, ал жергілікті желі бойынша 84% құрайды. 10 өңір бойынша жергілікті желіде сапасы сараптамасы толықтай қамтамасыз етілді.
«Биыл біздің орталық жол объектілеріне 5 мың инспекциялық тексеру жүргізіп, оның барысында 11 мыңға жуық материал сынамасы алынды және сынақтан өткізілді. Сараптама қорытындысы бойынша 16 мың тонна асфальтбетон, 27 мың тонна инертті материал және 3 мың тонна битумды пайдалануға рұқсат берілмеді. Сәйкессіздіктер көбінесе Жамбыл (59%), Түркістан (56%) және Абай (50%) облыстарында байқалады. Сараптама барысында жұмыс технологиясы бойынша 1,9 мың ақау анықталды, оның ішінде 621 ақау немесе 31% қайта қалпына келтірілді. Қалған кемшіліктер бақылауға алынды, олар аталған нысандар пайдалануға берілгенге дейін жойылатын болады», — деп мәлімдеді орталық басшысы.
Нәтижесінде мердігерлер 99 мың м2 асфальтбетон жабыны мен 28 мың м2 жол негізін қайта салған және 18 мың м3 қиыршық тасты ауыстырды.
Сонымен қатар орталық басшысының баяндауынша, жол-құрылыс жұмыстарының сапасына теріс әсер ететін бірқатар фактор орын алып отыр. Соның бірі – қолданылып жатқан битум сапасы. Соңғы екі жылда 1 мыңнан астам битум сынамасы сынақтан өткізіліп, оның 219-ы немесе 20% стандарт талаптарына сай еместігі анықталған. Бүгінгі таңда жол жабынының сапасын арттыру үшін республикалық желі жобаларында және Астана мен Алматы қалаларында полимерлі асфальтбетон қолданылуда.
«Өкінішке қарай, жергілікті желі объектілерінде полимерлі асфальтбетон іс жүзінде қолданылмайды. Тағы бір мәселе — жергілікті атқарушы органдардың сапа сараптамасы нәтижелерін елемеуі. Бұған дейін Сапа орталығы берген теріс қорытындыларды айналып өту үшін, жеке зертханалардың оң қорытындылары негізінде жергілікті маңызы бар жолдарды пайдалануға беру жағдайлары орын алды», — деп атап өтті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Мұндай фактілердің алдын алу үшін Автомобиль жолдары комитеті ведомстволық стандартқа түзетулер енгізді, оған сәйкес жеке зертханалар тартылған жағдайда сынамаларды іріктеу және сынау барлық мүдделі тараптардың қатысуымен комиссиялық негізде жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар, «KazRoadLab» цифрлық жүйесінде жазылған ескертулер толығымен жойылғанша нысандарды пайдалануға беруге тыйым салынады. Сапа орталығы техникалық қадағалау ұйымдарымен кемшіліктер бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді және деректер өңірлік мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына жолданады.
«Соңғы екі жылда біз 112 өтініш жолдадық, нәтижесінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары 9 инженердің сертификатын тоқтатып, 64 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ техникалық қадағалау инженерлердің нысандарда іс жүзінде болмауының 470-тен астам фактісі анықталды. Техникалық қадағалау инженерлері бір уақытта бірнеше жобаға қатысатын жағдайлар жиі кездеседі. 2023-2024 жылдары, бір техникалық қадағалау бір мезгілде бестен астам нысанға бекітілген 130-дан астам факті анықталды», — деді Б. Айтбаев.
Биылдың өзінде бір инженердің бірнеше компанияда тіркелген 54 фактісі және бір инженердің әртүрлі аймақтарда тіркелген 18 фактісі
анықталған. Жоғарыда аталған фактілердің басым бөлігі жергілікті желі жолдарында тіркеліп отыр. Бұл мәселені шешу үшін «KazRoadLab» цифрлық жүйесінде техникалық қадағалау инженерлерінің электронды тізілімі құрылды, онда мұндай жағдайлардың барлығы бақыланып, тіркеліп отырады. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың баяндауынша, мониторинг нәтижелері, тиісті шараларды қабылдау үшін тапсырыс берушілерге жолданатын болады.
#жол, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы", #Үкімет