Туған жерге жанашыр кәсіпкердің игі ісі елге үлгі
Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы аудан орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ажа ауылына барып, ауыл тұрғындары үшін бой көтерген спорт модулі, мәдениет үйі және мешіттің жай-күйін көрді.


Аталған үш нысан да ауылдың тумасы, кәсіпкер Қайрат Кенжебаевтың демеушілігімен салынған. Бұл – туған жерін ұмытпай, ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген азаматтың ел алдындағы игі ісінің жарқын көрінісі.

Жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайтын спорт нысаны барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. 2025 жылы салынған кешенді биыл күзде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұнда ауыл жастары мен тұрғындары қазақ күресі, баскетбол, волейбол және футбол секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде айналыса алады. Заманауи спорт кешені жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ажа ауылындағы мәдениет үйі өткен жылы пайдалануға берілген. Шағын ауыл үшін салынған жаңа мәдениет ошағы тұрғындардың рухани-мәдени өміріне тың серпін беріп отыр. Мұнда түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасалған. Кәсіпкер Қайрат Кенжебаев бұған дейін де ауылға балалар ойын алаңы мен футбол алаңын салып берген. Алдағы жылы балабақша құрылысын қолға алуды жоспарлап отырғанын айтты.

– Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы жоғары. Осыны ескере отырып, спорт нысанын салуды қолға алдық. Ауылымызда соңғы 25 жыл ішінде бірде-бір спорт ғимараты болмаған. Жыл сайын кем дегенде бір ғимарат салуды дәстүрге айналдырдық. Мұндай игі істі бастағалы 5-6 жыл болды. Ең бастысы – жұмысты тоқтатпай, тұрақты түрде жалғастырып келеміз. Ауыл халқы да әрдайым қолдап отырады, – дейді кәсіпкер Қайрат Кенжебаев.
Сапар барысында облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу кезінде ауыл халқы ауыз су мәселесінің өзекті болып отырғанын жеткізді. Берік Уәли бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, туған ауылын дамытуға зор үлес қосып жүрген кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
– Қайрат деген азамат осы ауылдың тумасы, нағыз патриот. Көшіп кеткеніне 20 жылдан асса да, туған жерімен байланысын үзген емес. Жыл сайын ауылына келіп, ел игілігі үшін бір нысан салып береді. Бұған дейін 200 орындық шағын Мәдениет үйін, мешіт пен балалар ойын алаңдарын салған. Биыл ауыл тұрғындарына спорт кешенін тарту етіп отыр. Барлығын өз қаражаты есебінен жүзеге асырып, табысының бір бөлігін туған ауылын дамытуға жұмсап келеді. Бұл – барлық кәсіпкерлерге үлгі болатын іс. Ауыл халқы да қолдау көрсетіп отыр. Ауыз су мәселесін назарға аламыз. Береке-бірлігі жарасқан Ажа ауылына әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз, – деді Берік Уәли.
Ажа ауылындағы оң өзгерістер туған жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және елге қызмет етудің нақты үлгісін көрсетеді. Осындай жанашыр азаматтардың қолдауымен ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың тұрмыс сапасы арта түсері сөзсіз.
#Абай облысы, #Көкпекті ауданы