Облыс әкімі Жанай ауылының тыныс-тіршілігімен танысты
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданына жұмыс сапары барысында Жанай ауылында болды.

Елдімекенде осы ауылдың тумасы Серікбол Омаровтың жеке қаражатына спорт модулі салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 190 млн теңге. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Спорт модулінде дзюдо және үстел теннисі үйірмелері жұмыс істейтін болады. Бұл – ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған игі бастама. Сондай-ақ бұл азаматтың бастамасымен 2017 жылы ауылға шағын, заманауи үлгідегі медициналық пункт салынған. Ауыл тұрғындары өз күштерімен балалар ойын алаңын, қатымхананы тұрғызып, мешітке күрделі жөндеу жүргізген.


Сонымен қатар аймақ басшысы «Ұлттық сапа орталығы» мамандарымен бірге ауыл ішіндегі салынған жолдың сапасын тексерді. Биыл елді-мекенде 3,5 шақырымды құрайтын 5 көшеге асфальт төселді. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асты.



Облыс әкімі ауылда жүзеге асқан жобалардың маңызын атап өтіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты.


«800-ге жуық тұрғыны бар Жанай ауылы үлкен жолдың үстіндегі елді мекен. Биыл ауылда бірқатар жұмыстар атқарылады. Жеке инвесторлардың есебінен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт модулі салынып жатыр. Сондай-ақ балалар алаңын орнату жоспарланып отыр. Жалпы осы жылы Үржар ауданында аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен 4 елді мекендегі ұзындығы 14 шақырым болатын 18 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі ауыл инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді», – деді облыс әкімі.