Абай облысында қоғам өкілдері жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендерін мәлімдеді
Абай облысында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері облыстың Бородулиха ауданында түрлі сала өкілдерімен ашық диалог ұйымдастырып, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Кездесулер барысында азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызы атап өтілді.

Коалиция мүшелері алдымен Новопокровка ауылындағы «Шыңғыс тас» ЖШС кірпіш зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жақында іске қосылған өндіріс орнында еңбек және әлеуметтік құқықтар саласындағы өзгерістерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді сақтау, қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері көтерілді.
«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, коалиция мүшесі Оралхан Сартаев құжатта еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдікті қорғау мәселесіне басымдық берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және мемлекеттік институттарды одан әрі дамыту.
«Жаңа Конституция – бұл тек саяси құжат қана емес. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтетін стратегиялық негіз. Сонымен қатар әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, қоғамдағы теңгерімді дамуды қамтамасыз етеді. Әсіресе еңбек адамы мен ұстаздардың құқығы мен мәртебесі қорғалуға тиіс. Бұл реформалар елдің тұрақты дамуына, мемлекеттік институттардың өркендеуіне және азаматтық белсенділіктің артуына тікелей әсер етеді», – деді ол.
Бұдан кейін аталған топтың түсіндіру жұмыстары Бородулиха колледжінде және Әлихан Бөкейханов атындағы мектепте жалғасын тапты. Іс-шараға жиналған оқытушылар мен мамандар жаңа Ата Заң жобасындағы білім беру жүйесінің стратегиялық рөлі мен педагог мәртебесінің маңызы туралы сөз қозғады. Оралхан Сартаев конституциялық өзгерістердің өзегінде әр балаға сапалы білім беру мен ұстаз мәртебесін қорғауды қамтамасыз ету тұрғанын жеткізді.
«Ұстаз – ұлттың рухани әлеуетін, білімін және болашағын қалыптастыратын тірек. Сондықтан бұл реформалар білім саласындағы әділеттілікті нығайтуға және қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Әрбір бала сапалы білім алуға тиіс, ал мұғалімнің кәсіби мәртебесі – оның қоғамдағы орнының кепілі. Жаңа Ата Заң осы бағыттағы міндеттерді нақтылай отырып, білім беру саласындағы әділеттілікті бекітеді», – деді коалиция өкілі.
Талқылау барысында білім беру саласына қатысты өзгерістер түсіндіріліп, педагог қауымдастығының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Сонымен қатар дене шынықтыру-сауықтыру кешені қызметкерлерімен өткен жиында конституциялық өзгерістердің азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғаны сөз болды. Кездесулер қорытындысы бойынша Бородулиха ауданының жұртшылығы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендерін жеткізді.
#Бородулиха ауданы, #Референдум, #Конституциялық реформа