Қазақстанның жаңа Конституциясы: әйелдер мүддесі және әлеуметтік қорғау
Қазақстанда конституциялық реформаға қатысты талқылаулар күннен күнге қыза түсуде. Елдің басты заңнамалық құжатын жаңарту қажеттілігі қоғамда көптен бері сезіліп келген мәселелерге шешім табуға мүмкіндік береді. Әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі Айнагүл Нұртазина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл өзгерістердің маңызына ерекше тоқталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасында отбасы мен балалардың құқықтары айтарлықтай күшейеді.
«Ер мен әйел арасындағы некеге еріктілік, отбасының әлеуметтік қорғауы – бұл біздің қоғамдағы басты құндылықтардың бірі. Конституция деңгейінде бекітілуі – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етудің нақты қадамы», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, жаңа заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, соның ішінде әйелдердің тең мүмкіндіктері мен әлеуметтік кепілдіктерінің айқын көрсетілгені атап өтілді.
«Біздің мақсат – әйелдер үшін әділ және қауіпсіз қоғам құру. Жаңа Конституция бұл бағыттағы негізгі құжат болмақ», – деді комиссия мүшесі.
Саяси құрылымдағы өзгерістер де қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Вице-Президент лауазымының енгізілуі, бір палаталы Құрылтай мен тұрақты Халық Кеңесінің құрылуы елдегі барлық өңірлер мен этностардың, сондай-ақ әйелдердің де мүдделерін заң деңгейінде ескеруге жол ашады.
Айнагүл Нұртазина халықты жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылауға шақыра отырып, оны қабылдау тек референдум арқылы жүзеге асатынын еске салды.
«Әрбір азамат өзінің пікірін білдіруге, қоғамдағы маңызды өзгерістерге қатысуға тиіс. Бұл – демократиялық қоғамның басты белгісі», – деді ол.
Жалпы, әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесінің пікірі бойынша, Конституциядағы өзгерістер қоғамның әлеуметтік және құқықтық құрылымын нығайтып, отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғауға нақты негіз береді. Бұл қадам Қазақстанның болашағын тұрақты және әділетті қоғам ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
#Ұлттық Құрылтай, #реформа, #Конституциялық реформа