Семейде кәсіпкерлікке қатысты конституциялық өзгерістер талқыланды

Семейде кәсіпкерлікке қатысты конституциялық өзгерістер талқыланды

2026 жылғы 13 ақпанда Семей қаласында қоғамдық ұйымдар, Ардагерлер кеңесі, депутаттық корпус, бизнес - қоғамдастық және кәсіпорын басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясына кәсіпкерлік қызмет саласына қатысты енгізілетін өзгерістерді талқылауға арналған кеңес өтті.  Іс - шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Кеңес жұмысына 32  адам қатысты.

Кеңесті «Абай облысы Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы Еркебұлан Серікқажыұлы Накипов ашты. Президиум құрамында қалалық мәслихат депутаты Анатолий Калинкин де бар.

          Кездесу барысында кәсіпкерлік қызмет, меншік құқығы және іскерлік ортаға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер жан - жақты қарастырылды. Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа Негізгі заңды жүйелі жаңғыртуға бағытталғаны және оның ережелерінің елеулі бөлігін қамтитыны атап өтілді. Бұған дейін ұсынылатын түзетулердің ауқымы кеңейтілгені туралы Қазақстан Республикасының Президенті Касым - Жомарт Кемелұлы Токаев мәлімдеген болатын.

          Қатысушыларға өзгерістердің негізгі бағыттары бойынша түсіндіру ақпараты ұсынылды:

          - жеке меншіктің қол сұғылмаушылығына конституциялық кепілдіктерді күшейту және меншік нысандарының барлығын тең қорғау;

          - кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын Негізгі заң деңгейінде нығайту; 

          - бизнес үшін тұрақты және болжамды құқықтық орта қалыптастыру;құқық үстемдігі, ашықтық және мемлекеттің жауапкершілігі қағидаттарын дамыту; 

          - инвестиция тартуға бағытталған ерекше құқықтық және экономикалық режимдердің конституциялық негіздерін талқылау.

          Ұсынылып отырған нормалардың кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекет пен бизнес арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту үшін стратегиялық маңызы бар екені атап өтілді.

          Сондай-ақ қазіргі уақытта азаматтар мен іскерлік қауымдастық өкілдерінен ұсыныстар мен ескертулер мемлекеттік электрондық порталдар арқылы қабылданып жатқаны айтылды. Конституцияның жаңа редакциясы бойынша түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады.

          Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар қала кәсіпкерлерінің мүдделерін ескере отырып, сараптамалық талқылауды және практикалық ұсыныстар әзірлеуді жалғастыруға уағдаласты.


#кәсіпкерлік, #Конституциялық реформа