Облыс әкімі жергілікті басқару сапасын арттыру тақырыбында баяндама жасады

Облыс әкімі жергілікті басқару сапасын арттыру тақырыбында баяндама жасады

Бүгін Астана қаласында «AMANAT» партиясының «Үздік партияға – үздік кадрлар» жобасы аясында кадрлық активтің функционалдық дағдыларын дамытуға арналған білім беру бағдарламасының ашылу рәсімі өтті. Жиынға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли арнайы шақырылып, жергілікті басқару сапасын арттыру тақырыбында баяндама жасады.

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл бастама жай ғана оқыту емес, әкімдер мен депутаттардың жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтіп, жергілікті басқаруды жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Бүгінде ауыл әкімдері халықтың тікелей сайлауымен келгенімен, олардың барлығында бірдей мемлекеттік басқару тәжірибесі жеткілікті емес. Сондықтан заңды дұрыс қолдану, халықпен тиімді жұмыс істеу, бюджетті сауатты жоспарлау сияқты мәселелерде білімін жетілдіру қажет.

«Абай облысында 138 ауылдық округ, кент және аудандық маңызы бар 2 қала бар. Олардың бюджеттерінің жалпы көлемі шамамен 15,9 млрд теңгені құрайды, бұл ретте оның 69%-ға жуығы – жоғары тұрған бюджеттерден бөлінетін трансферттер. Ал талдау нені көрсетеді? Тек 50-ге жуық ауылдық округ қана өз кірістері есебінен даму бағдарламаларын іске асыруға қауқарлы. Бұл – маңызды сигнал. Бұл бізде салық базасы, бюджеттік жоспарлау және инвестиция тарту мәселелерінде құзыреттілік тапшылығы бар екенін білдіреді. Сондықтан да бағдарламаның «Бюджеттік вертикаль: республикадан ауылға дейін» және «Даму үшін салықтар: түсімдер базасынан нәтижеге дейін» сияқты модульдері әрбір ауыл әкімінің үстел үстіндегі кітабына айналуы тиіс. Мұндай оқытуға тек ауыл әкімдерін ғана емес, аудан және қала әкімдерін де белсенді түрде тарту қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, мұндай бағдарламалар облыстық басқару деңгейінде де пайдалы болатынына сенімдімін», – деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті мәслихат депутаттарының қызметіне, мемлекеттік жоспарлауға, өңірлік бағдарламаларға байланысты пікірін жеткізіп, жаңа оқыту бағдарламасы әкімдер мен депутаттардың кәсіби біліктілігін арттырып, халықпен тиімді байланыс орнатуға, нақты нәтижеге жұмыс істеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыруды көздейді. Партияның Саяси менеджмент академиясы жаңа форматта ауылдық округтердің сайланған әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін оқыту жұмысын бастады. Жаңа бағдарлама басқарушылық құзыреттерді арттыруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды жетілдіруге және мемлекеттік жобалық басқаруды меңгеруге бағытталған. Ерекше атап өтерлігі, оқыту жұмысы Абай облысынан басталады.


#депутат, #АМАНАТ партиясы, #Берік Уәли