ЖСДП Орталық аппаратында Конституциялық реформаға арналған кеңейтілген талқылау өтті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында партияның бастауыш ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Конституциялық реформаға арналған жан-жақты талқылау өтті. Жиынға Ақмола және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.Басты мақсат – халық талқысына ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасына енгізілген өзгерістердің маңыздылығын түсіндіру, оған қатысты әртүрлі ұстанымдар бойынша пікір алмасу. Сондай-ақ Ата Заң жобасын өңірлерде талқылау барысын пысықтау . Бұл өз кезегінде партия құрылымдарының қоғамдағы рөлін айқындай түсті.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов қатысушыларға ұсынылып отырған Конституция жобасы елдің болашақ дамуы мен қалыптасуына бағытталған жаңа стратегиялық бағдар екенін атап өтті. Сонымен қатар, партия төрағасы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды әлемдік деңгейдегі «Социалистік интернационал» халықаралық саяси ұйымы толықтай қолдайтынын жеткізді. Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – аталған халықаралық ұйымға Қазақстаннан мүше болып отырған бірден-бір партия.
Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттарын, оның қоғамдық-саяси даму үшін маңызын, әлеуметтік салаға, еңбек қатынастарына және мемлекеттік басқару жүйесіне ықтимал әсерін жан-жақты саралады. Ұсынылып отырған өзгерістерді терең әрі жүйелі түрде түсініп, оны қоғам мүшелеріне дұрыс жеткізу қажеттігі ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ, азаматтардың Ата Заң жобасына бей-жай қарамауы керектігі айтылып, өңірлік ерекшеліктер мен халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, алдағы уақытта азаматтардың талап-тілектерін заң аясында жүйелеу мәселесі де көтерілді. Диалог барысында ЖСДП өкілдері халықтан келіп түсетін барлық өтініштер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Конституциялық реформа аясында «Халық Кеңесі» мен Құрылтайдың, сондай-ақ саяси партиялардың атқарып жатқан қызметі толықтай халық мүддесіне бағытталғаны атап өтілді. Бұл бағыт Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен өзара үндес екені кеңінен түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша ЖСДП-ның бастауыш партия ұйымдары өңірлерде түсіндіру және пікірталас жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруға дайын екендерін растады. Іс-шара іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтіп, партия белсенділері Конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын талқылауға белсенді қатысқанын көрсетті.
#реформа, #Конституциялық реформа