Әділетті Қазақстан: Тәуелсіздік пен Әділеттілік жолы

Әділетті Қазақстан: Тәуелсіздік пен Әділеттілік жолы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы — ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, түбегейлі өзгерістерге негізделген мемлекеттік бағдар. Бұл идея мемлекетті демократияландыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы стратегиялық реформалар кешенін қамтиды. abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Президенттің "Әділетті Қазақстан" құруға бағытталған реформаларына сараптама жасаған еді.  Президент бастамалары тек заңдар мен құрылымдық өзгерістермен шектелмейді. Бұл – Қазақстанның жаңа саяси мәдениетке, әділеттілік пен теңдік қағидаттарына негізделген даму жолына түскенінің айғағы. Әділетті Қазақстан құру — ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен жүзеге асатын стратегиялық мақсат. Бұл бағытта халықтың белсенділігі мен қолдауы ерекше маңызды.

Тоқаевтың бастамасымен қабылданған маңызды заңдардың бірі — Президенттің тек бір ғана 7 жылдық мерзімге сайлануы туралы заң болды. Президенттік өкілеттікті шектеу арқылы билікке жауапкершіліктің жүгін артты. Бұл қадам билікке келудің негізгі мақсаты елге қызмет ету екенін нақтылай түседі. Президенттің шексіз мерзімге сайлану мүмкіндігін шектеу арқылы билік ауысымдылығы мен саяси тұрақтылықтың жаңа үлгісі қалыптасуда. Сонымен қатар, Президенттің саяси партия мүшесі болуына тыйым салынуы — елімізде әділетті сайлау және шынайы саяси бәсекелестік қағидаттарының дамуының негізін қалап отыр. Бұл өзгеріс Президенттің бүкіл халықтың өкілі ретіндегі бейтараптығын күшейтетіні сөзсіз.  Мәжіліс пен мәслихаттарға аралас сайлау жүйесінің енгізілуі — саяси плюрализмді күшейту мен өңірлік өкілдіктің әділ болуына ықпал ететін маңызды қадам. Бұл жүйе арқылы азаматтардың дауысы нақты өкілдері арқылы естіліп, жергілікті және ұлттық деңгейдегі мәселелерге жан-жақты назар аударылады. Конституциялық өзгерістерден халық билігінің күшеюін байқауға болады.2022 жылғы референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Атап айтқанда, Конституциялық Соттың қайта құрылуы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының күшеюі, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуына мүмкіндік беретін тетіктердің пайда болуы — барлығы да "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласының нақты көрінісі,-десе болады.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Қазақстанды жаңа саяси кезеңге алып келуде. Бұл реформалар тек билік құрылымын өзгертумен шектелмейді, олар қоғамда әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік принциптерін нығайтуға бағытталған. Демек, бұл өзгерістер – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға жасалған маңызды тарихи қадамдар десе болады.  Әділетті Қазақстанда Құқықтық жүйені жаңғыртуға басымдық берілген. Мұнда құқықтық жүйені жаңғырту, сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз ету, адам құқығын қорғау сынды маңызды бағыттар бар. Президенттің айтуынша, әділ қоғам құрудың басты шарты – тәуелсіз әрі әділ сот. Осы мақсатта сот жүйесін реформалау бойынша нақты қадамдар жасалып келеді. Біріншіден, соттардың тәуелсіздігін арттыру үшін бірқатар институционалдық өзгерістер енгізілді. Судьяларды іріктеу процесі ашық, бәсекелі әрі меритократиялық қағидаттар негізінде жүзеге асырыла бастады. Бұл – кәсіби, адал әрі әділетті шешім қабылдай алатын мамандардың сот жүйесіне келуіне жол ашты. Сондай -ақ Құқықтық реформа аясында тергеу және қылмыстық процестер кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қылмыстық істерді тергеу кезінде заңсыздықтарға жол бермеу, адам құқығын басып-жаншу әрекеттерін болдырмау бағытында бірқатар жаңа нормалар қабылданды. Адвокаттардың мәртебесі көтеріліп, қорғау тарапының процессуалдық құқықтары күшейтілді. Бұл – әділетті сот төрелігіне қол жеткізудің тағы бір маңызды қадамы десе болады.

Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыру үшін прокуратура мен құқық қорғау органдарының жұмысы ашықтық және есеп берушілік қағидаттарына сәйкес қайта құрылуда. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету бағытында прокуратура мен Ішкі істер министрлігі жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.Құқықтық реформа тек құрылымдық өзгерістермен шектелмеуі тиіс. Әділетті қоғам құру үшін әр азаматтың құқықтық мәдениетін арттыру маңызды. Бұл бағытта мемлекет түрлі ақпараттық және ағартушылық жобаларды қолға алды. Құқықтық сауаттылықты мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі түрде оқыту – келешекте әділетке негізделген тұрақты қоғам қалыптастырудың кепілі.

Қазіргі таңда Қазақстан жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Ел Президентінің реформалары қоғамның барлық саласына серпін беріп, мемлекеттік басқаруда ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын орнықтыруда жұмыс жасауда. Дамудың негізгі бағдары - экономикалық әділеттілік десек, Мемлекет басшысы Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесін көтеріп, «олигархиялық капитализмнен» арылу қажеттігін ашық айтты. Бұл — бай мен кедей арасындағы алшақтықты қысқарту, әрбір азаматтың ел байлығынан үлесін алуына мүмкіндік жасау деген сөз. Әсіресе, мемлекеттік ресурстар мен ірі кәсіпорындардың қолда бар топтардың ғана емес, халық игілігі үшін жұмыс істеуі – қазіргі экономикалық саясаттың өзегі. Президенттің пәрменімен елімізде монополияларға қарсы күрес күшейтілді. Бұл қадам әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, шағын және орта бизнесті қорғауға бағытталған. Бұрынғы жылдары заңсыз жекешелендірілген немесе мемлекеттің үлесі бұрмаланған ірі активтер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – мемлекеттің экономикалық егемендігін қалпына келтіру жолындағы маңызды жетістік.Жер қойнауын пайдалану саласында да жаңа тәсілдер қолға алынды. Ашық тендерлік жүйе мен есеп берудің жаңа тетіктері енгізіліп, ресурстарды пайдалану барысы қоғам бақылауына алынуда. Бұл қадамдар табиғи байлықты тиімді әрі әділ басқаруға мүмкіндік береді.

Реформалар өңірлік деңгейде де жалғасуда. Жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жетілдіру арқылы әкімшілік басқару халыққа жақындап, әр аймақтың экономикалық дербестігі артып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, өңірлік теңсіздікті азайтуға ықпал етуде. Әділетті Қазақстан – бұл жай ғана ұран емес, нақты қадамдармен іске асырылып жатқан ұлттық стратегия. Экономикалық әділеттілік, ашықтық және халыққа жақын басқару қағидаттары еліміздің жарқын болашағын қалыптастырудың негізі болмақ. Бұл – тек билікке емес, әрбір азаматқа жауапкершілік жүктейтін тарихи миссия дер едім. Жалпы Президенттің әлеуметтік реформалары халық игілігі үшін жасалған. Бұл ретте халықтың әл-ауқатын арттыру — мемлекет дамуының басты бағдарына айналды. Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалардың өзегі — әрбір азаматтың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және келешек ұрпақтың игілігі үшін тұрақты даму негізін қалау.

Сапалы білім мен қолжетімді медициналық қызмет – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштері. Осыны ескерген Президент білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржыны едәуір арттыруды тапсырды. Бұл мектептер мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға және ауыл-аймақтардағы инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Президент реформаларының маңызды бір бөлігі — зейнетақы жүйесін жаңғырту. Оның мақсаты — азаматтардың еңбек өтіліне сай лайықты зейнетақы алуын қамтамасыз ету, зейнет жасына дейінгі әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және жинақтаушы жүйенің тиімділігін арттыру. Бұл бастама әрбір қазақстандыққа өзінің қаржылық болашағына сенімді қарауға мүмкіндік береді.

Балалар – елдің болашағы. Осы ретте Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасын ұсынды. Бұл қаржы болашақта олардың білім алуына, жеке баспаналы болуына немесе кәсіби дамуына жұмсалуы мүмкін. Жоба — ұзақмерзімді әлеуметтік инвестиция. Ол жастардың өз болашағын Қазақстанмен байланыстыруына, елде қалуға және ел дамуына үлес қосуға ынталандырады. Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы — жай ғана ұран емес, нақты істерге негізделген мемлекеттік саясат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік реформалары қоғамның әр мүшесінің өміріне оң әсерін тигізіп, елдің болашағына нық сенім қалыптастыруда. Халықтың әл-ауқаты — кез келген реформаның басты өлшемі екенін көрсететін бұл қадамдар еліміздің тұрақты әрі әділетті дамуының негізі болмақ.

Ел Президенті атап өткендей, әділетке негізделген, халық үніне құлақ асатын мемлекет қана орнықты дамудың кепілі бола алады.

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы шенеуніктердің халықпен ашық әрі үнемі байланыста болуын көздейді. Халықтың шағымдарына жауап беру, ұсыныстарды ескеру және проблемаларды шешу механизмдерін жетілдіру – бұл модельдің негізгі міндеттері. Тек тыңдап қана қоймай, нақты әрекет ету – осының басты өлшемі. Қоғамдық қабылдаулар, онлайн платформалар жобалары арқылы халықтың сұрағына жедел жауап беретін жүйе қалыптасуда. Азаматтық қоғаммен жүйелі әрі институционалды байланыс орнату жолында маңызды қадам – Ұлттық құрылтайдың құрылуы болды. Бұл алаң қоғам белсенділері, саясаттанушылар, жастар, этносаралық және дінаралық ұйымдар өкілдері қатысатын маңызды институтқа айналды. Әділеттілік пен ашықтық қағидаттарын жүзеге асыру үшін қоғамдық бақылаудың рөлі ерекше. Соңғы жылдары түрлі қоғамдық кеңестер мен бақылау комитеттерінің құзыреті кеңейіп, нақты ықпалы арта түсті. Мемлекеттік сатып алулар, құрылыс, әлеуметтік салалардағы жобалар азаматтардың тікелей қатысуымен бақылана бастады. Бұл билік институттарына сенімді арттырып, жемқорлықтың алдын алуға жол ашады.

Әділетті Қазақстан – бұл тек ұран емес, нақты қадамдар мен нақты өзгерістер жүйесі. Азаматтық қоғаммен үздіксіз диалог, ашықтық, жауапкершілік және тыңдауға дайын билік – осының барлығы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Халық пен биліктің арасындағы сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісім – болашағы жарқын мемлекеттің негізі болмақ.


#заң, #ҚР Президенті, #сайлау, #Қазақстан, #Тәуелсіздік