Бағдат Мусин цифрлық даму министрі лауазымынан босатылды

Бағдат Мусин цифрлық даму министрі лауазымынан босатылды

Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорда. "Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада. Министрліктің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Бағдат Мусин 1983 жылы туған. Сүлеймен Демирел атындағы университет (2000-2004) және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты (2004-2006) бітірген. 2004 жылға дейін "NAT" АҚ, "Ізет" ЖШС және басқа да жеке компаниялар қызметкері; 2004 – 2007 жылдары "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамында инженер-бағдарламашы, Куәландыру орталығы бөлімінің басшысы, мемлекеттік органдарда IT бөлімшелер құру департаменті директорының орынбасары; 2007– 2010 жылдары Әділет министрінің ақпараттық технологиялар жөніндегі кеңесшісі және Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы; 2010– 2011 жылдары Байланыс және ақпарат министрлігінде (Көлік және коммуникациялар министрлігі) Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары; 2011– 2012 жылдары Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары; 2012 – 2014 жылдары Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы; "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы; 2014 – 2017 жылдары "Қазпошта" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы; 2017– 2018 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы; 2018– 2019 жылдары Bi Group құрылыс холдингі Басқарма төрағасының орынбасары және корпоративтік-венчурлік қордың басшысы; 2019– 2020 жылдары IT кәсіпкер, ReKassa, Tastamat және басқа да IT-стартаптардың негізін қалаушы; 2020 жылдың наурызы мен шілдесі аралығында президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі; 2020 жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болды. Сол жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. 2023 жылғы сәуірде қайтадан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне келді. Ол 2024 жылғы 6 ақпанда бұл лауазымға қайта тағайындалған еді. 


#ҚР Президенті