Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіретінін атап өтті. Мемлекет басшысы қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын алға тартып, атом станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына назар аударды.
Президенттің пайымдауынша, бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.
– Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Жалпы, дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Бұған сақадай сай дайын болғанымыз жөн. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды. Президенттің айтуынша, азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек.
– Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз «Үнемшілдік – ырыстың кілті» деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің мызғымас кепілі. Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстанда өздеріңіз сияқты еңбек адамдары ең жоғары сый-құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.
kaz.inform.kz