Бақыт Қалиназарұлы: Ата заң халыққа қызмет етуі керек
Еліміздегі республикалық референдумға қоғамның түрлі саласында еңбек еткен азаматтар белсенді қатысуда. Солардың бірі – ардагер прокурор, Желтоқсан оқиғасының батыры Бақыт Қалиназарұлы. Ол дауыс беріп, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Бақыт Қалиназарұлының айтуынша, Ата заң – кез келген мемлекеттің негізгі тірегі. Сондықтан Конституцияның мазмұны халықтың мүддесіне қызмет етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталуы тиіс.

«Конституция – елдің құқықтық іргетасы. Ол халықтың игілігі үшін қызмет етуі керек. Бұл жолғы өзгерістер мен толықтырулар ең алдымен адам құқығын қорғауға бағытталған. Сондықтан әр азамат ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауы маңызды», – дейді заңгер.
Ардагер прокурордың пікірінше, референдум – халықтың еркін білдіретін маңызды саяси құрал. Мұндай маңызды шешімдерде әрбір азаматтың дауысы ел дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ Бақыт Қалиназарұлы Конституциядағы жаңашылдықтар қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, Ата заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Айта кетейік, республикалық референдум елдегі маңызды конституциялық өзгерістер бойынша халықтың пікірін анықтауға бағытталған. Мұндай саяси науқанға қатысу – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.
#Семей, #Абай облысы, #Конституция, #Референдум