Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке. Отбасы — халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады. Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек. Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау — қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана — Жер-Ана» — адамзат өркениетінің өзегі. Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек. Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл — Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді. Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын! Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін, — делінген Президент құттықтауында.


#ҚР Президенті, #мереке