Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр — Мемлекет басшысы

Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр — Мемлекет басшысы

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алғанымызды айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Тоқаев инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын баса айтты, себебі ол халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық әрекетті жоққа шығарады.

Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуы тиіс, — деді ол.

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келе жатқанын алға тартты.

 Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар екенін еске салды. Оның сөзінше, биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған.

 Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін! — деп түйіндеді Президент.

kaz.inform.kz


#ҚР Президенті, #экономика, #Жолдау, #Үкімет