Абай облысында Наурызнаманың онкүндігі басталды

Абай облысында Наурызнаманың онкүндігі басталды

Көрісу – Амал мерекесі күні Абай облысының әкімі, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы Нұрлан Ұранхаев этномәдени бірлестік және қоғамдық институт өкілдерімен кездесті. Аталған іс-шарада алдағы жоспарлар мен Наурыз мерекесін өткізу барысы талқыланды.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Онкүндіктің әр күні мәдениетіміздің байлығын, құндылықтары мен алуан түрлілігін көрсететуге арналған. Облыс көлемінде атап өту жоспарына сәйкес қайырымдылық, мәдени іс-шаралардан бастап, ұлттық дәстүрлер мен экологиялық акциялар, жалпы қоғам өмірінің барлық салаларын қамту көзделген.

«Бүгін біз, өздеріңізбен бірге Ұлыстың ұлы күнін атап өту шараларының «тиегін ағытып», бастау үшін арнайы жиналып, көрісу – амал мерекесінде қауышып отырмыз. Әдетте бұл күні ата-бабаларымыз таңнан бастап үй аралап, үлкендерге сәлем беріп, бір-бірін мерекемен құттықтайтын. Абай елінде дәстүр жаңғыртып, игі бастама көтеріп жүрген өздеріңіз болғандықтан, ең алдымен, көрісуді халқымыздың ұйытқысы – Достық үйінен бастауды жөн көріп отырмын! Ұлы мұрамызды ұлықтап, ұлы тұлғаларымызға құрмет көрсетіп, ұл-қыздарымызды лайықты тәрбиелеп, Ұлыстың Ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтейік!», - деді облыс әкімі.Сондай-ақ, жиында орыс әлеуметтік-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Антонина Клиновицкая, «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің басшысы Лилия Гончарук, Абай облыстық «Қазақ тілі қоғамы» филиалы бірлестігінің төрағасы Оралғазы Шәріпбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин сөз сөйледі.


#Абай облысы, #Наурыз