Құрбан айт – мейірім мен қайырымдылық мерекесі

Құрбан айт – мейірім мен қайырымдылық мерекесі

Бүгін күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Үш күнге созылатын ұлық мейрам – тек діни рәсім ғана емес, адамзатты ізгілікке үндейтін, қайырымдылық пен жанашырлықты дәріптейтін ерекше рухани мереке. Бұл күндері мұсылмандар бір-біріне жылы лебіз білдіріп, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, бауырмалдық пен татулықтың үлгісін танытады.                                                                                   Құрбан айттың басты мәні – Алла разылығы үшін құрбан шалу арқылы адамның тақуалығы мен шүкіршілігін көрсету. Ислам дінінде жағдайы жеткен мұсылмандарға құрбандық шалу үлкен сауапты амал ретінде бекітілген. Әсіресе Ханафи мәзһабында ол – уәжіп амал, яғни парыз бен сүннеттің арасындағы маңызды міндеттердің бірі саналады. Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған және материалдық мүмкіндігі бар мұсылманға жүктеледі.Құрбан айт күндері шалынған малдың еті ағайын-туысқа, көрші-қолаңға және мұқтаж отбасыларға таратылады. Бұл – қоғамдағы өзара жанашырлықты күшейтіп, адамдар арасындағы мейірімділік пен қамқорлықты арттыратын игі дәстүр. Исламда жоқ-жітікке көмектесу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру – ең сауапты істердің бірі.Шариғат бойынша құрбандықтың дұрыс қабыл болуы үшін бірнеше талап сақталуы тиіс. Ең алдымен құрбандық малы сау, мінсіз болуы қажет. Мал тым арық, ауру, ақсақ немесе ауыр жарақаттанған болмауы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: ауруы анық, ақсақтығы мәлім, тым арық және көзі көрмейтін малдар», – деп ескерткен.Сондай-ақ құрбандыққа шалынатын малдың жасы да маңызды. Қой мен ешкі бір жасқа, ірі қара екі жасқа, ал түйе бес жасқа толуы тиіс. Дегенмен алты айлық, ірі әрі семіз қойды құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі.Ислам шариғатында құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынса, ірі қара мен түйеге жеті адамға дейін ортақтаса алады. Сонымен қатар құрбандық айт күндері шалынып, Алла разылығы үшін ниет етілуі қажет.Дін мамандарының айтуынша, құрбандықтың негізгі мақсаты – мал сою емес, адамның ниеті мен тақуалығы. Қасиетті Құранда да Аллаға малдың қаны мен еті емес, адамның ықыласы мен жүрек тазалығы жететіні айтылған. Сондықтан құрбандық – мұсылманның Жаратушыға деген құрметі мен бойсұнуының көрінісі. Шариғатта құрбандықтың етін, терісін немесе басқа мүшелерін сатып, одан пайда табуға тыйым салынған. Сондай-ақ қасапшыға еңбекақы ретінде құрбандық етін беру дұрыс саналмайды. Бұл – құрбандықтың сауапты әрі шынайы құлшылық ретінде орындалуына қатысты талаптардың бірі.                                                                                                                   Құрбан айт – тек діни мейрам ғана емес, қоғамды ізгілікке тәрбиелейтін рухани мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, қамқорлық танытып, татулық пен бірлікті нығайтады. Сондықтан Құрбан айттың қадірі – құрбан шалуда ғана емес, адам жүрегіндегі мейірім мен жанашырлықта.


#дін, #құрбан айт