Абай облысының әкімі Берік Уәли Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – ұлы мәдениетімізді ұлықтап, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра.
Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді», – деп атап өткен болатын.
Абай елі – күй мен жырдың, ән мен өнердің алтын бесігі. Ұлттық аспапты қастерлеу облысымызда игі дәстүрге айналды. Балалар мен жасөспірімдер арасында домбыра үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Былтыр Семей қаласында еңселі Оқушылар сарайы ашылды. «Абайға құрмет» акциясы аясында Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын салып жатыр. Бұл өңірдегі ұлттық өнердің дамуына, оның ішінде домбыра аспабын кең насихаттауға серпін береді деп ойлаймыз.
Ұлттық домбыра күні әр шаңыраққа береке мен бірлік, жүректерге шабыт пен рух сыйласын! Қасиетті қара домбырамыздың қоңыр үні мәңгілік жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жете берсін!
#Абай облысы, #Берік Уәли, #домбыра