Абай театарында «Маестро» спектаклі қойылады
«Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі, «Маестро» спектаклінің қоюшы-режиссері Еркебұлан Нұғыманов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді, -деп хабарлайды abaidan.kz Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Ол 5-6 сәуір күндері Абай театрында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Әйткеш Толғанбаевтың 100 жылдығына арналған қойылым туралы жан-жақты айтып берді.
Айткеш Толғанбаев қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы. Музыканттың жолы шағын Қарауыл ауылында басталып, қиын сынақтарға толы болды. Соған қарамастан ол өзіне сенуді жалғастырды. Бұл оқиға бізді қиындықтарға төтеп беруге және алға қойған мақсатымызға жетуге шабыттандырады. Қойылымда көрермендер Әйткеш Толғанбаевтың өмірі мен шығармашылығының тереңдігі мен маңыздылығын сезіне алады, - деді Еркебұлан Нұғыманов.
Қойылым Абай облысының мәдениет және тілдерді дамыту архив істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, премьераға Әйткеш Толғанбаевтың туыстары шақыртылған.
- Реквием үш бөлімнен тұрады, қойылым ұзақтығы бір сағат. Премьера барысында балалық және студенттік жылдардағы елеулі эпизодтар, оның есейген кездегі қиындықтары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қайғылы оқиғалардың үзінділеріне ауысады. Біздің мақсатымыз көрермендерге осы көрнекті музыканттың өмірі мен шығармашылығын әр кезеңіне байланысты көркем эмоциямен жеткізу, - деп сөзін аяқтаған режиссер көрермендерді тағы да қойылымды тамашалауға шақырды.