Биыл 15 шетел фильмі қазақ тілінде сөйлейді

Биыл 15 шетел фильмі қазақ тілінде сөйлейді

Қазақстан аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждау үшін іріктеу тәртібі айқындалды, деп хабарлайды abaidan.kz АА, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір қазақ тіліндегі киноконтетке сұраныс өте зор. Бұл ретте, Министрлік қазақ тіліне дубляжданатын шетелдік блокбастерлердің санын жыл сайын арттыратын болды 2023 жылы 15 фильмді дубляждау жоспарланған», - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Кейінгі 5 жыл ішінде «Меломан» компаниясы Disney және Sony pictures кинокомпанияларының 17 фильмін дубляждады. Соның ішінде, мемлекеттік қолдаудың арқасында «Аватар» (бірінші бөлім), «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» және «Аватар. Су жолы» фильмдері қазақ тіліне дубляжданды.

«Кинематография туралы» 2019 жылғы 3 қаңтардағы Заңына сәйкес, прокатұа шығуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, Қазақстан аумағында кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталуы жəне көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылмайтын фильмдер мемлекеттік тілде дубляж жасалуға немесе субтитрленуге, сондай-ақ кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Аталған Заңның 13 бабының 5-тармағы 2 тармақшасына сәйкес, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан аумағына əкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру жөніндегі бірыңғай операторы саналады», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру туралы шешімді уәкілетті орган Сараптама кеңесінің оң қорытындысы және Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымы негізінде қабылдайды. 2023 жылғы 10 наурызда Мәдениет және спорт министрінің «Қазақстан Республикасының аумағына əкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждау үшін іріктеу қағидаларын бекіту туралы» № 72 бұйрығы қабылданды. Аталған бұйрық Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждау үшін іріктеу тәртібін айқындайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі шамамен 14,5 пайызды құрады.


#кино, #өнер, #тіл, #фильм