Мәдениет 59 қаралымabaidan.kz

Ауылын жырлаған ақын аты асқақтады

Ауылын жырлаған ақын аты асқақтады

Қазақ поэзиясында туған жерін, ауылын, жалпы қазақ даласының қасиетті өлкесін жыр-әнімен паш етіп, жұрт жүрегіне жол тапқан ақындар аз емес. Ауыл-аймағынан ұзамай-ақ атағы Алатауды алты айналып, Атырауға дейін жайылған Тарбағатай тарланы Жабайыл Бейсеновті білмейтін жан кемде-кем. Бір ғана «Ауылым» әнінің мәтінімен жырсүйер қауымның құрметіне бөленген ақынның «Ауыл әуендері», «Балалық қызық, бал күндер», «Алакөлім, аяулым», «Тасадағы тұма» сияқты кітаптары жарық көрді. Ғұмырының негізгі жолын ұрпақ тәрбиесіне арнап Жарбұлақ орта мектебінде ұстаздық еткен ол Тарбағатай, Үржар өңірінің табиғатын тебірене жырлап, «Жусанды дала жыршысы» атанды. 

2024 жылы 90 жасқа қараған шағында өмірден озған жусанды дала жыршысының соңында қалдырған шығармашылық мұрасы халықтың рухани қазынасына айналды. Соның басты дәлелі – Үржар ауданында «Жабайыл оқулары» атты оқушылар сайысын өткізудің жыл сайынғы дәстүрге айналғаны.

Биыл ақынның дүниеге келген күні – 10 қарашада Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен үшінші мәрте «Жабайыл оқулары» өткізілді. 

Аудандағы 12 мектептен 8-11 сыныптар бойынша 25 оқушы мәерлеп оқудан бақ сынады. Сайыс шарты бойынша әр қатысқан оқушы Ж. Бейсеновтің екі өлеңін оқыды.

Жиылған қауым қызыға тамашалаған «Жабайыл оқуларының» қазылар алқасының бағалауымен ІІІ орынға үш оқушы: Томирис Оралбекқызы (Қарабұйрат негізгі орта мектебі), Нұрай Слямғазы (Ер Қабанбай орта мектеп-бақшасы) және Ақерке Саин (Қазымбет орта мектеп-бақшасы) лайық деп танылды. ІІ орынды екі оқушы: Інжу Мұратқан (Ер Қабанбай орта мектеп-бақшасы), Гүлім Айтқазина (Қ. Игембаев атындағы орта мектеп) иеленді. І орын жүлдесін Мирас Қайратов (Қазымбет ауылы) еншіледі. Сайыстың Бас жүлдесін өлеңдерді мәнерлеп оқудың майын тамызған Жолынұр Қайратқызы (І. Жансүгіров орта мектебі) иеленді.

«Құрмет» орденінің иегері, Үржар ауданының құрметті азаматы Жабайыл Бейсеновтің шығармашылығын дәріптейтін мәнерлеп оқу сайысы алдағы жылдарда да жалғаса беретін болады.

С.КӘРІПБАЕВ