Қызметке салғырт қарауға және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға қолбасшылық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап Kazinform хабарлайды.
Ұсталғандардың қатарында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы — бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскер ротасының және катер командирлері бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Хазар Қорғаны — 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Анықталғандай, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым қашықтықта өткен оқу-жаттығу барысында қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде әскери қызметшілер «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде теңізге ағып кеткен.
Тергеу аясында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және өткізу кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерттеліп жатыр.
Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілуде. Барлық күдіктілердің әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Сотқа дейінгі тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Тергеу қамауға алынуы мүмкін тұлғалардың қосымша шеңберін анықтау бағытында жалғасып жатыр.
Бұған дейін аталған факті бойынша екі баппен қылмыстық іс қозғалғаны және қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың анықталғаны хабарланған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен қайғылы оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде болған төтенше жағдайдан кейін облыстық ауруханаға жеткізілген әскери қызметші тұрақты жағдайда.
Бүгін Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің денелері Орал қаласына жеткізілді.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.




