Тілдік ахуалды жақсарту: өңірде тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Тілдік ахуалды жақсарту: өңірде тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Өңірдегі тіл саясатын жетілдіру мәселелері облыс әкімі Берік Уәли мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов арасындағы кездесуде жан-жақты талқыланды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімі Берік Уәли мемлекеттік тіл саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру мақсатында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовпен кездесті. Басқосуда өңірдегі тіл ахуалы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тілдерді оқыту орталықтарының қызметін жетілдіру мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

Кездесу барысында тараптар мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытында атқарылып жатқан жобаларды, сондай-ақ тілдік орта қалыптастыруға арналған жаңа бастамаларды талқылады. Сонымен қатар оқыту әдістемелерін жаңғырту, цифрлық білім беру платформаларын енгізу, тіл үйренушілер үшін қолжетімді оқу құралдарын арттыру мәселелері назарға алынды.

Ербол Тілешов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынына оң баға беріп, тіл саясатын тиімді іске асырудағы облыстың бастамаларын қолдады. Ол тіл үйрету жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғырту, әдістемелік базаны жетілдіру және цифрлық ресурстарды кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар мемлекеттік тілдің дамуына қатысты ортақ бастамаларды қолдап, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдірді.


#Абай облысы, #тіл, #Берік Уәли