Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтуға серпін берді

Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтуға серпін берді

Абай облысында жастарды еңбекке тарту және алғашқы жұмыс тәжірибесін қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Әсіресе «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісім шарты» жобаларының тиімділігі байқалып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Колледжді биыл тәмамдаған Мәдина Байман да осы бағдарламалардың шарапатын көрген жас мамандардың бірі. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмай біраз қиналған ол, Аягөз қаласындағы мансап орталығына жүгінгеннен кейін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан.

Енді бітірген жастар үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Алғашында қайда барарын білмей қиналасың. Осындай бағдарламалар дұрыс жолды нұсқап, тәжірибе жинауға көмектеседі. Бұрын тәжірибе болмаса, қазір мамандармен бірге жұмыс істеп, көп нәрсе үйреніп жүрмін,- дейді тәрбиешінің көмекшісі Мәдина Байман.

«Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасы арқылы еңбек нарығына қосылған Еркежан Қалиева бүгінде Аягөз аудандық ауруханасында мейірбике болып қызмет атқарып жүр. Ол да тәжірибесін шыңдап, болашақта зейнетке шығатын маманның орнын басуға дайындалуда.

Тәжірибелі мамандар маған барлық білімдерін үйретіп жатыр. Жақында зейнетке шығатын служащының орнына мені дайындауда. Барлық қажетті дағдыларды меңгеріп, тәжірибе жинап жүрмін. Жұмыс таба алмай жүрген жастарға осындай орталықтар өте қажет деп ойлаймын,- мейірбике Еркежан Қалиева.

Өңірде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 224 жас маман алғашқы еңбек жолын бастаса, «Ұрпақтар келісім шарты» бойынша 8 адам кәсіби мамандардың тәлімін алып, өз шеберліктерін жетілдіруде.

Бағдарламалар оқуын жаңа аяқтаған, жасы 35-тен аспаған түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жоба 6 айдан 18 айға дейін созылады. Қатысушыларға ай сайын 30 АЕК көлемінде еңбекақы төленеді,- дейді Еңбек мобильдігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.

Қазіргі таңда Абай облысында 11 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 5 мың адамға кем. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар жас мамандардың тұрақты жұмыс табуына және өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға айтарлықтай оң әсер етіп отыр. Жалпы, жүзеге асып жатқан жобалар жастарға еңбек нарығына сенімді қадам басуға мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде.


#Абай облысы, #Жұмыспен қамту, #Аягөз